Құрылтай • Бүгін, 10:43

5 жылға сайланатын 145 депутат: Президент Құрылтай туралы конституциялық заңға қол қойды

5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметін, сондай-ақ оның депутаттарының құқықтық мәртебесін айқындайтын «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

5 жылға сайланатын 145 депутат: Президент Құрылтай туралы конституциялық заңға қол қойды

Құрылтай − Қазақстан Республикасының заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы. Оның қызметінің заңдылық пен алқалылық қағидаттарына негізделуі мемлекеттің стратегиялық шешімдерді ұжымдық түрде қабылдау және құқықтық нормаларды қатаң сақтау ұстанымын көрсетеді. Бұл халықтың жоғары еркін ашық әрі демократиялық рәсімдер арқылы нақты құқықтық нормаларға айналдыратын сенімді тетік қалыптастырады.

Құрылтай халықтың тікелей сайлауымен сайланатын 145 депутаттан тұрады. Құрылтайдың өкілеттік мерзімі 5 жыл болып белгіленген, бұл саяси жүйенің тұрақтылығын және мемлекеттің даму бағытының сабақтастығын қамтамасыз етеді.

Құрылтай қызметінің негізгі бағыты – заң шығару қызметі, яғни қоғамдық қатынастардың маңызды салаларын реттейтін заңдарды қабылдау, сондай-ақ кадрлық саясатқа қатысу және атқарушы билікке бақылау жасау. Депутаттар Премьер-министрді, Вице-Президентті, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім береді.

Президент, Құрылтай және Халық Кеңесі: Тоқаев жаңа заңдарға қол қойды

Конституциялық заңда Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру тетігі көзделген, бұл атқарушы биліктің халық сайлаған өкілдер алдында есепті болуын қамтамасыз етеді.

Заңға сәйкес, Құрылтай ресми түрде Парламенттің құқықтық мирасқоры, ал оның Аппараты Мәжіліс Аппаратының құқықтық мирасқоры болып танылады.

Құрылтай жұмысының ұйымдастырылуы

Құрылтай жұмысы сессиялар түрінде жүзеге асырылады. Сессиялар жыл сайын қыркүйек айынан маусым айына дейін тұрақты түрде өткізіледі. Қажет болған жағдайда Президенттің, Палата Төрағасының немесе депутаттардың бастамасымен кезектен тыс сессиялар шақырылуы мүмкін.

Отырыстар Құрылтай жұмысының негізгі нысаны болады. Олар кворум болған жағдайда өткізіледі және әдетте ашық түрде ұйымдастырылып, оған мемлекеттің негізгі лауазымды тұлғалары қатыса алады.

Құрылтай Төрағасы депутаттар арасынан сайланады және органның жалпы қызметіне басшылық жасайды. Оның құзыретіне отырыстарды шақыру, заң шығару жұмысын үйлестіру және қабылданған актілерге қол қою кіреді.

Құрылтай құрылымында үйлестіруші орган ретінде Бюро, сондай-ақ мәселелерді алдын ала қарастырып, шешімдер әзірлейтін тұрақты комитеттер мен комиссиялар жұмыс істейді. Сонымен қатар, ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылдайтын консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.

Парламенттік бақылаудың тиімділігін арттыру және өзекті мәселелерді талқылау мақсатында парламенттік тыңдаулар мен үкіметтік сағаттар өткізу көзделген. Бұл құралдар депутаттарға, соның ішінде оппозиция өкілдеріне, маңызды тақырыптарды көтеруге және мемлекеттік органдар өкілдерінің есептерін тыңдауға мүмкіндік береді.

Барлық рәсімдер, соның ішінде оларды өткізу тәртібі Құрылтай Регламентінде нақты айқындалады, бұл оның қызметінің жүйелілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Заңдарды әзірлеу және қабылдау тәртібі

Құрылтайдағы заң шығару үдерісі заң жобаларын енгізу, қарау және қабылдау тәртібін, сондай-ақ негізгі мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын реттейді.

Заң шығару бастамасы құқығы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі. Барлық заң жобалары отырысқа шығарылғанға дейін міндетті түрде салалық комитеттерде қаралуы керек.

Қаржылық бастамаларға қатысты арнайы талаптар белгіленген. Мемлекеттік кірістерді азайтуды немесе мемлекеттік шығыстарды көбейтуді көздейтін заң жобалары Үкіметтің оң қорытындысы болған жағдайда ғана енгізілуі мүмкін.

Үкіметтің қызметін бақылау және соттардың тәуелсіздігі: Құрылтайға қандай өкілеттілік беріледі?

Заң жобаларын қарау басымдығын Президент айқындай алады. Ұлттық қауіпсіздікке немесе қоғамдық тәртіпке қатер төнген жағдайда оларды жедел қарау тетігі қарастырылған.

Құрылтай азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, салық салу, қорғаныс, халықаралық шарттар және мемлекеттік құрылыс мәселелерін қоса алғанда, қоғамдық қатынастардың негізгі салаларын реттейтін заңдарды қабылдау бойынша кең өкілеттіктерге ие.

Заңдар депутаттардың көпшілік дауысымен қабылданады, ал конституциялық заңдар білікті көпшілік дауыспен қабылданады. Қабылданғаннан кейін олар Президенттің қол қоюына жіберіледі. Президент заңға қол қоя алады немесе өз қарсылықтарымен бірге қайтара алады.

Депутат Құрылтай комитеттері мүшелерінің санын шектеуді ұсынды

Қайта қарау кезінде Құрылтай белгіленген дауыс санымен Президенттің қарсылықтарын еңсере алады немесе ұсынылған өзгерістермен келісе алады.

Сонымен қатар, заң жобаларын кері қайтарып алу және қабылдамау тетіктері, сондай-ақ саяси жауапкершілік элементтері қарастырылған. Атап айтқанда, Үкімет бастамасы қабылданбаған жағдайда Премьер-министр сенім мәселесін көтере алады. Бұл заң шығарушы және атқарушы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, заңда бекітілген рәсімдер заңнамалық шешімдерді қабылдау кезінде жүйелілікті, жеделдікті және институционалдық теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

Берлинде бас қосқандар

Таным • Бүгін, 11:18

Ұшақ қонатын күн алыс емес

Аймақтар • Бүгін, 11:17

Жалғыздықты жеңген мейірім

Аймақтар • Бүгін, 11:14

Елдос татамиге оралады

Спорт • Бүгін, 11:08

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 11:05