Алқалы жиынға ғалымдар мен зиялы қауым, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысты. Кеш барысында ғалымның «Өмір дүние дегенің» атты жаңа кітабы таныстырылды. Сондай-ақ Ұлттық кітапхана қорынан әдебиеттанушының ғылыми еңбектері, әдеби-сын мақалалары мен зерттеулерінен кітап көрмесі қойылды.
Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген Дандай Ысқақұлының кітапханамен байланысына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ғалым кітапхананың тұрақты оқырманының бірі ретінде ғылым мен білім жолындағы ізденістерін осы қарашаңырақпен сабақтастырып келеді. Ғазиза Құдайбергенқызы Дандай Ысқақұлының ғылыми еңбектері мен рухани мұрасы кітапхана қорын байытып қана қоймай, жас зерттеушілер мен оқырманға құнды таным көзіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ ол ғалымның кітапхана өміріне белсенді араласып, әдеби-ғылыми ортаның дамуына үлес қосып жүргенін айтты.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Дандай Ысқақұлының қазақ әдеби сынының тарихы мен теориясын зерттеудегі еңбегіне тоқталды. Ол ғалымның әдеби сынды дербес ғылыми бағыт ретінде жүйелеуге үлес қосқанын, қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына арналған іргелі зерттеулердің авторы екенін атап өтті. Сондай-ақ Дандай Ысқақұлының энциклопедиялық басылымдарды әзірлеуге қатысып, әдебиеттанушы ғалымдардың бірнеше буынын тәрбиелеуге еңбек сіңіргенін баса
айтты.
Ал филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш ғалымның қазақ әдебиеттанудағы елеулі орнына тоқталды.
«Дандай Ысқақұлы әдебиеттану ғылымына өткен ғасырдың 70-жылдары келіп, қазақ әдеби сынының теориясы мен тарихын жүйелі зерттеген ғалымдардың алдыңғы қатарына көтерілді. Оның «Әдеби көркем сын», «Сын шын болсын», «Сын жанрлары», «Сын өнері», «Қазақ әдеби сынының тарихы», «Әдеби сынның тарихы» сияқты іргелі еңбектері ұлттық әдеби сын ғылымының қалыптасуы мен дамуын ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналды. Ғалымның зерттеулері қазақ әдебиеттануының маңызды қорына айналды», деді ол.
Сондай-ақ ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып Дандай Ысқақұлының ғалымдық және азаматтық болмысы туралы сөз қозғады. Ол мерейтой иесінің қазақ әдебиеттануы мен әдеби сынының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, әдебиет пен ғылымды қатар алып жүрген тұлғаның еңбегі кейінгі буын зерттеушілер үшін маңызды рухани, ғылыми мұра екенін тілге тиек етті.
Кеш барысында сөз алған қоғам қайраткері Асылы Осман ғалымның ұлт руханиятына сіңірген еңбегі туралы баяндады. Ол Д.Ысқақұлының қазақ әдебиеті мен тілінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау жолындағы қызметіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, жаңа жинақ – Дандай Ысқақұлының адам өмірінің мәні, бақыт, адамгершілік, ар-ождан, адалдық, имандылық және рухани кемелдену мәселелеріне арналған философиялық-танымдық еңбегі. Автор ғасырлар бойы адамзат жинаған рухани мұраны, ғылым жетістігін және ұлттық дүниетанымды сабақтастыра отырып, өмірдің табиғи заңдылықтарын, адамның қоғамдағы орнын, мақсат пен мұраттың маңызын пайымдайды. Кітапта ата-анаға құрмет, отбасы тәрбиесі, азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, намыс пен парасат сияқты құндылықтар кеңінен сөз болады. Адам баласының бақытқа жету жолы материалдық игіліктен бұрын рухани тазалықпен, адал еңбекпен, ізгі ниетпен, өз өмірінің мәнін табумен өлшенеді дейді. Автор жас ұрпақты үлкен мақсат қоюға, білім мен ғылымға ұмтылуға, ата-ананың қадірін білуге, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бағалауға үндейді.