Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Арасында, ең жастарының есебіндегі қырыққа иек артып қалған өзім де бармын, негізінен аға буыннан тұратын ұжымның сонда оған таңдана қарағаны рас. Өйткені ол уақыт елдің сан-салалы тіршілігіне ілгерілеу ұмтылысының ептеп ене бастаған кезең еді, ілгерілеудің қуатты толқыны алдымен қай-қайсысы да жүздеген мың таралыммен жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдары – газеттер мен журналдардан басталды. Бұл негізінен, республикалық орталық басылымдарға тән болды.
70-жылдардың басына дейін бүкіл елде бұқаралық ақпарат құралдары кадрларын даярлайтын журналистика саласы филология факультетінің бөлімі ретінде жыл сайын 25 студентке ғана білім беретін жалғыз оқу орны еді. Оны бітіріп, жетіліп шыққандардың таңдаулылары арасынан республикалық басылымдарда қалатындары басым болатын.
Периферия – шеткері өңір саналатын облыс, аудандардағы газеттерге баратындар сирек еді. Оның үстіне сол шеткері өңірлік басылымдардағы қызметкерлер өздеріне дейін журналистика кадрларын даярлаудың жеткіліксіздігінен көпшілігі газет жұмысына бейімі ғана бар демесе, бұрын баспасөзбен байланыста болмаған адамдар еді.
Кезінде Серікқали осындай ортаға келген. «Жалын» альманағына тұңғыш көркем әңгімесі жарияланып, қаламгерлік қабілетін көрсете келді. Көп ұзамай газетте әріптестері таласа оқып, таңдаулы деп баға алған «Жарық дүние» очеркі жарық көрді. Сөйтіп, ол жеке қолтаңбасымен бірінші күннен журналистиканың ғылым мен өнер тоғысындағы мамандық, қызмет, кәсіп, ізденіс екенін білдіре отырып, кәсіби тәжірибесін шығармашылық жетістіктерімен байытты. Болашағынан көп үміт күттіретін газет қызметкері ретінде жас журналистердің Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жиынына шақырылды. Облыстық газеттегі әдеби қызметкерліктен редактордың орынбасарлығына дейінгі көз алдымызда өткен он жылы оның газет ісіне деген құштарлығын бекемдей түсті.
Әсіресе оның өзіндік стильмен очерктік әдебиетті дамытқан еңбегі жемісті болды. Қаламынан туған очерктері әлі де өміршең, жас журналистерге үйрену, үлгі алу мектебі бола алатыны сөзсіз. Әдетте әңгіме мен зерттеудің арасындағы көркем-публицистикалық жанр, газеттің романы деп саналатын очерктің аты да, заты да көзден бұл-бұл ұшқан бүгінгі сәтте баспасөздегі журналистік шеберлікті шыңдайтын осы бір жанр түрін өткен тәжірибені пайдалана отырып жаңаша дамытудың кәсіби әсері аз болмас еді.
80-жылдардың бас жағында Серікқали Байменше батыс облыстар бойынша меншікті тілші болған республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті 300 мың таралыммен жарық көретін. Газеттің өз тілшісі осы жылдар ішінде жедел де жүйелі жазылған жарияланымдарымен республикаға кеңінен танылды, өңірдің өзекті мәселелерін көтерген проблемалық мақалалары мен очерктерінің жұртшылық зердесінде сақталғанына куә бола аламыз. Кейін нақ осы «Жас алашта» жарияланған «Ми-8 вертолетінің ақырғы сапары», «Қарабақта қалың тұман» деген жолсапар очерктері үшін Қазақстан Журналистері одағының Совет Масғұтов атындағы сыйлығына ие болып, «Жас Алаш» газетінің Ғани Мұратбаев атындағы сыйлығының тұңғыш иегері атанды. Ел егемендігінің елең-алаңындағы осы еңбектер ұлттық журналистиканың халықаралық тақырыптағы – Әзербайжанның Қарабақ өңіріндегі ұлтаралық кикілжің мәселесіне арналған алғашқы жарияланымдары болды.
Серікқали Байменшенің кандидаттық диссертациясының журналистік шығармашылыққа арналуы, «Баспасөздегі жанрлар жүйесі» еңбегінің мамандық бойынша қосымша оқу құралы ретінде пайдаланылып жүргені, «Төртінші билік» тағылымы» деп аталатын ғылыми мақалалар жинағы, әріптестері жайында толғанған «Сырдесте» кітабы оның баспасөздің теориясын, тарихын һәм тәжірибесін тиімді ұштастыра білген ұтымды еңбегінің абзал айғағы.
Журналист-публицист, ғалым-зерттеуші, оқытушы-ұстаз, аудармашы-баспагер, дипломат, халықаралық мемлекеттік қызметші Серікқали Байменше кейінгі сан салалы қызметінде қасиетті журналистикадан қол үзбей, қаламын қолынан түсірген емес. Журналистика оны ғылымға, мемлекеттік қызметке, дипломатияға алып келді. Жарты ғасырға таяу журналистік ғұмыры ішінде білімі мен білігіне қарай әр деңгейде өзіне тапсырылған елдің өзекті істерін жауапкершілікпен атқаруы, әлеуметтік белсенділік танытып, кәсіби шеберлігін жетілдіре түсуі оны қоғамдық қайраткер дәрежесіне жеткізді.
Серікқали Байменшенің қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің шығармашылығын зерттеудің ғылыми жаңа бағытын қалыптастырған, ұлттық әдебиетіміздің тарихын жаңаша жазуға қатысқан ғалым ретіндегі үлесі елеулі. Баспасөзде жазылғандай, «Бейімбеттің бүгінгі білікті шырақшысы» екені екінің біріне белгілі. «Бейтаныс Бейімбет», «Зергердің зертханасы», «Бейімбеттің сөзстаны», «Майлының Бейімбеті» секілді еңбектері, Бейімбеттің белгісіз шығармаларын тауып, қайта жариялап, жинақтап шығарып жүрген ізденістері бұған нақты айғақ бола алады.
Бейімбеттің замандасы, ерте дүние салған жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің өмірі мен шығармашылығы да зерделі зерттеулердің аясына алынды. Алматыда шыққан «Елін сүйген ерек жан» ғұмырнамасы, Мәскеуде жарық көрген «Жігер» монографиясы, мерзімдік басылымдардағы әдеби-ғылыми жарияланымдары жазушы шығармашылығын тереңірек тану мен жан-жақты таныту қызметін тиянақтады.
Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі, 30-жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбаны, белгілі қазақ ақыны, баспасөз қызметкері, алайда назар аударылмағандықтан танымнан тыс қалып келген Кенжеғали Абдуллиннің өмірі мен шығармашылығын таныту жолындағы ізденістері мен зерттеулерінің нәтижесінде «Ғайып қалам» атты монографиялық еңбегі жарық көрді. Арманда кеткен арыстың адал есімі мен туындыларын атажұртына қайта оралтқан Серіққали Байменшенің еліміздегі ең алғашқы «кенжеғалитанушы» атануының осындай заңдылығы бар.
Ресей Аудармашылар одағының шетелдік толық мүшесі Серікқали Байменше кәсіби аудармашы ретінде де белгілі. Әлемге танымал бірқатар қаламгердің (П.Уайт, У.Голдинг, Ч.Диккенс, Х.Мураками, т.б.) кейбір көркем шығармалары оның аудармасымен қазақша сөйледі. Бұдан басқа, жетпістен астам халықтың ертегілерін алғаш рет қазақ тіліне аударып, «100 ертегі» деген ертегілер жинағын жеке кітап етіп шығарды.
Осы орайда Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі Серікқали Байменшенің мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолында атқарылуға тиіс көкейкесті мәселелерді ортаға салып, бүгінгі аударма жайына, сөзжасам практикасына, термин түзуге қатысты ұсыныс-пікірлерін баспасөзде әрдайым жариялап отыратын жеделдігін де айта өткен жөн. Өткен жылы жарық көрген «Тілге тілмаш» кітабы дәл осындай лингвистикалық лездемелік лебіздерден құралған.
Журналист-ғалым Серікқали Байменше ұзақ уақыт Ресейде дипломатиялық қызметте болды. Сол елдегі Қазақстан елшілігінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бөлімін басқарды және халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық комиссияда аударма бөлімін құрып, басшылық жасады.
Осы кезеңде ол «Егемен Қазақстан» газетінің өкіл тілшісі міндетін қоса атқарып, «Пушкин, Шәкәрім және... Құбаш», «Мәскеудегі – «Алматы», Алматыдағы – «Мәскеу», «Тұрар тұрған үй», «Буккроссинг»... «Библиобус»...», «Жақсыдан жақсыны іздеу», «41-жылғы хаттар», «Ржев иіні», «Саясаттың бірі тілі – дәнекерлік», «Бесеудің бесігі», «Құпия құлпытас» секілді ел есінде сақталған елеулі мақалаларын жазды. «Бесеудің бесігі» бойынша Парламентте депутаттық сауал жасалып, қуғын-сүргін құрбаны болған арыстарымыздың жер бесігін тауып, жария еткен журналист еңбегіне жұртшылық жақсы ілтипат білдірді.
«Тағзым», «Сәт сағат» кітаптары арқылы деректі проза деңгейін көтерген қаламгер бұдан кейін Ресейдегі қандас ағайынның тыныс-тіршілігін шығармаларының арқауына айналдырды. Оның «Мұрагер», «Дәнекер», «Ақжүрек», «Мезгіл мінезі» кітаптары Ресейдегі қазақ қоғамдық ұйымдарының құрылып, қалыптасуы және отандастарымыздың ана тілін, ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрді насихаттап, дамыту жолында атқарған игі істерін сөйлетеді. Осы елдегі қазақ тақырыптамасының нақты мысалдары, қандас бауырлар жайындағы байыпты баяндаулар елден шет жүрген ағайындар шежіресінің бүгінгі келбетін көрсетуімен құнды. Жалпы, алдағы уақытта журналист-дипломат Серікқали Байменшенің Ресейдегі қазақ этносының тарихын, мәдениетін, әлеуметтік өмірін бейнелеген еңбектері, атқарған істері ұлтжанды автордың мақсат-мұраты аясында зерделене түсеріне сенеміз.
Сондай-ақ мен оның өзі оқыған мектепте қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін ашқанын, кабинетті жеке қаражатымен жөндетіп, жан-жақты жабдықтап, пайдалануға бергенін жақсы білемін. Оқу кабинетін ақын-жазушылар шығармаларымен толықтырып, оқушыларды ана тілін ардақтауға, қазақ әдебиетін көбірек оқуға үйретіп жүрген өнегесін азаматтың көпке үлгі болатын ісі деп айта
аламын.
Қаламы қарымды әріптес інімнің ізеуіртті індетіп жүрген іргелі тақырыбының бірі – шығанақтануға байланысты екенін (осы мәселеге азды-көпті қатысым болғандықтан) айтуға аса ықыластымын. Дүние дидарында теңдесі жоқ, «болмағанды болдырған» Шығанақ Берсеұлының ұмыт қалған бейнесін ұрпаққа таныту жолындағы ұлағатты ісі өзгеше ілтипатқа лайық. Өткен жылы жарық көрген «Тары тариххаты» жинағы осының мызғымас мысалы бола алады.
Серікқали Байменше қайда да, қандай жағдайда да журналистік болмысын ұмытқан емес: жазушы-публицист, ғалым-зерттеуші, дипломат мәртебесіндегі қызметін журналистік – қайраткерлік бейіммен атқарды. Еңбек жолын облыстық газетте бастап, республикалық газетте жалғастырып, журналистиканың баспалдағымен көсемсөздің көш басына көтерілген сол азамат биыл жетінші белеске жетіп отыр. Ақан сері айтты деген бар: «Тұлпар жабы болмайды жалы кетіп арыса да, жақсы адам жаман болмайды жасы кетіп қарыса да» деп. «Жетіп, піскен» әріптес інімнің өмір жолына көз жібере отырып, бұл оның кемелді кезеңі деп ой түйемін.
90-жылдардағы кеңес одағының ыдырауымен байланысты әйгілі «Известия» ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның да бұқаралық ақпарат құралдарының басына ауыр жағдай түсті. Сол ыдырау әлі жүріп жатыр. Содан бері таралымы үздіксіз қысқарумен келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарын, олардың жалпы атауы «журналистиканы» енді бар деп айту қиын секілді. Журналистика болған; оның болғандығын күні кеше еді дерліктей қисапсыз таралыммен жарық көрген газет-журналдар дәлелдейді. Талантты кадрлардың тамаша қатары тұтас елге танымал болғаны мысал. «Известиялықтардың» «бір кездері қадірлі болып келген журналистика кәсібі» деп еске алуы сондықтан. Қадірлі болған себебі – оның өзге мамандықтар мен кәсіптерден артықшылығынан емес, уақыттың сұранысын өтеуге қабілеттілігінен еді.
Сол кезде, ағылшын математигі Харди мен неміс дәрігері Вайнбергтің («Большая советская энциклопедия» том 28. Стр. 199. 1976 г.) популяцияның жеке жинақтық, генетикалық тұрақтылығы туралы тұжырымында айтылғандай, популяция ұрпақтан-ұрпаққа өзгермей жалғасады. Ол әркімнің бойындағы икем мен қабілетке сәйкесті. Әртүрлі кәсіп, мамандықтың бір кезеңде жаппай қаулап шыға келуіне де қатысты десек, жазуға деген, журналистикаға деген өрлеу де керек екендігін біліп осылай өрлеген. Мұны жарияға кеңінен шығарған – қоғамға қажеттілік пен сұраныс, жұртшылықтың оларды бедел санауы. Ол ұлттық әдебиет пен өнердің, ғылымның өрлеуімен қатар жүріп, біріне бірінің ықпалымен, үлгісімен журналистикада таңдаулы тұлғаларды шығарған уақыт еді.
Біз әңгімелеп отырған жазушы-журналист, зерттеуші ғалым, дипломат, филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Шалқар ауданының құрметті азаматы Серікқали Ердіғалиұлы Байменше – сол өрлеу тудырған таңдаулы ұрпақтың өкілі.
Идош АСҚАР,
Қазақстанның құрметті журналисі