Ипотека • Бүгін, 08:03

Студентке ипотека беріле ме?

3 мин
оқу үшін

Студент кезде ипотекамен үй алу мүмкін еместей көрінетіні рас. Алайда тұрғын үй нары­ғында жастарға арналған мүмкіндіктің көбеюі бұл көзқарасты біртіндеп өзгертіп келеді. Бүгінде жоғары оқу орнында білім алып жүрген студенттер де белгілі талап­тарға сай келсе, ипотека рәсімдеп, баспана бақытын сезіне алады.

Студентке ипотека беріле ме?

Сурет: moneytimes.ru

18 жасқа толған азаматтар «Отбасы банкінің» бірқатар бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар «ЦентрКредит Банкі» арқылы жүзеге асырылатын «7-20-25» бағдарламасымен де баспанаға ипотека рәсімдей алады. Дегенмен сарапшылар жастарға ең қолайлы тетіктердің бірі ретінде «Наурыз» бағдарламасын атап жүр. Бағдарламаның басты ерекшелігі – студенттердің шәкіртақысы ресми табыс ретінде есепке алынады. Егер шәкіртақы көлемі жеткіліксіз болса, бағдарлама шарттарына сәйкес бір немесе екі кепілгер тартуға болады.

Ипотека сарапшысы Гүлбибі Жақсыбайдың айтуынша, бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен «Отбасы банкіндегі» жинақ шотында белгілі бір көлемде қаражат болуы қажет.

«Студент алдымен жинақ шотын 2 млн теңгеге толықтырады. Кейін Baspana Market платформасы арқылы өтінім береді. Өтінім тапсырылған кезде есепшоттағы қаражат толық көлемде жатуға тиіс. Шамамен бір аптадан кейін конкурстың қорытындысы жарияланады. Қатысушыларды іріктеу барысында жинақтағы сыйақы көрсеткіші ескеріледі. Яғни ұзақ уақыт тұрақты түрде қаражат жинаған азаматтардың мүмкіндігі жоғары болады», дейді маман.

Сарапшының сөзінше, конкурс арқылы іріктелген қатысушылар табысын растау кезеңінен өтеді. Бұл рәсімді банк бөлімшесінде де, онлайн форматта да жүргізуге болады. Студенттердің шәкіртақысы табыс ретінде қабылданады. Сонымен қатар кепілгер ретінде тартылатын адамның ресми жұмысы болуы әрі зейнетақы жарналары тұрақты аударылып тұруы қажет. Келесі кезеңде алғашқы жарна енгізіледі. Мысалы, пәтер құны 30 млн теңге болса, алғашқы жарна 6 млн теңгені құрайды. Бұған дейін жинақталған
2 млн теңге сол соманың ішіне кіреді де қосымша 4 млн теңге салынады. Ал 25 млн теңгелік тұрғын үй үшін
5 млн теңге, 20 млн теңгелік баспана үшін 4 млн теңге көлемінде алғашқы жарна керек.

«Наурыз» бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтар үшін несие мөлшерлемесі жылдық 7 пайыз болса, өзге қатысушыларға 9 пайыз болып белгіленген. Несие мерзімі 19 жылға дейін беріледі. Бағдарлама арқылы Астана мен Алматы қалаларында 36 млн теңгеге дейінгі, ал басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй сатып алуға болады. Жалпы, бүгінде жастардың баспаналы болуына бағытталған мүмкіндіктер көбейіп келеді. Сондықтан студенттік кезеңнен бастап қаржы жинап, тұрғын үй бағдарламаларының шарттарын зерттеу болашақта өз баспанасына қол жеткізуге көмектесуі мүмкін», дейді Г.Жақсыбай.

 

Дариға ДАРХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар