28 Наурыз, 2015

Денис Тен – әлем чемпионатының қола жүлдегері!

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
28-03-2015-Ten 03АСТАНА. 28 наурыз. Қытайдың Шанхай қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында отандасымыз Денис Тен қола жүлдемен шектелуге мәжбүр болды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бүгін өткен еркін бағдарлама сайысында спортшымыз өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Соның нәтижесінде, 181,83 ұпай олжалап, кіші алтын медальді иемденді. Кіші күміс жүлде испан спортшысы Хавьер Эрнандеске бұйырды. Ол бұл сайыста 181,16 ұпай жинады. Ал Жапония сенім артқан Юдзуру Ханю еркін бағдарламада басты екі бәсекелесінен айтарлықтай қалып қойды. Бұл жолы оның өнерін төрешілер 175,88 ұпаймен бағалады. Қос жарыс күнінің қорытындысы бойынша Хавьер Эрнандес (273,90 ұпай) әлем чемпионы атанса, Юдзуру Ханю (271,08 ұпай) күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал жалпы есепте 267,72 ұпай жиған Денис Тен әлем чемпионатының қола жүлдесін олжалады. Жасыратыны жоқ, бұл додада Денистен тек алтын медаль күттік. Себебі, ол чемпион атануға әбден лайық еді. Дегенмен, кеше өткен қысқа бағдарлама сайысында ұйымдастырушылар өрескел қателікке бой алдырып, біздің спортшының өнеріне кері әсерін тигізді. Нақты айтар болсақ, Денис айдынға шыққан кезде ұйымдастырушылар оның әуенін дұрыс қоймай, соның салдарынан спортшымыздың жүйкесіне айтарлықтай салмақ түсірді. Айта кетейік, отандасымыз үшін бұл – әлем чемпионатының екінші медалі. Осыған дейін Теннің 2013 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанғаны есімізде. Сондай-ақ, Денистің еншісінде Олимпиаданың (Сочи, 2014 ж.) қола жүлдесі мен қысқы Азия ойындарының (Астана, 2011 ж.) алтын медалі бар. Одан бөлек, осыдан бір жарым ай бұрын Оңтүстік Кореяда өткен төрт құрлық турнирінде чемпион атанған болатын. Биылғы әлемдік доданың қыздар арасындағы бәсекесінде Ресей спортшысы Елизавета Туктамышеваға тең келер қарсылас табылмады. Жалпы есепте 210,36 ұпай жинаған ол әлем чемпионы атанды. Күміс жүлде Сатоко Мияхараға (Жапония, 193,60 ұпай) бұйырса, қола медаль Туктамышеваның отандасы Елена Радионованың (191,47 ұпай) еншісіне жазылды. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: «Қазақстан» ұлттық телеарнасы.