29 Наурыз, 2015

Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

28-03-15-akciz-1

АСТАНА. 29 наурыз. Шымкентте жалған акциз жапсырылған алкоголь сатумен айналысқан 10 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сотталды. Бұл туралы «7 арна» хабарлады. «Шымкентте жұрт дүр сілкіндірген қылмыстық процесс аяқталды. Оның қорытындысымен ұйымдасқан қылмыстық топтың 10 қатысушысы әртүрлі мерзімге жазаға кесілді. Іс материалдары бойынша, олар ұзақ уақыт бойы жалған акциз маркалы алкоголь өнімдерін дайындап, оларды сатумен айналысып келген. Айыпталушылардың арасында шарап зауытының директоры, Орал қаласында тұратын бизнесмен, ірі сауда жүйесінің бухгалтері және 7 бірдей салық инспекторы бар», - делінген хабарламада. Сотталушылар орындығында 10 айыпталушының тек 7-і ғана отырды. Сотта төрағалық етушінің түсіндіруінше, тағы 3 салық инспекторы ауырып қалуларына байланысты бір жыл бойы үйқамақта отырған. Ал қылмыстық істің негізгі қатысушылары: шарап зауытының директоры, оралдық жеке кәсіпкер және Шымкенттегі ірі сауда жүйесінің есепшісі мемлекетке келтірген көптеген миллион теңге залалдары үшін нақты жазалар алған. «Атап айтқанда, «Винхаус» ЖШС-да 77 миллион теңгенің, «Төтінші» ЖШС-да 59 миллион теңгенің алкоголь өнімдеріне жалған акциздер дайындалып, саудаға шығарылған. Алкоголь өнімдері жалған есеп-бақылау және акциз қағаздарымен таратылған. Осыған орай «Винхаус» шарап зауытының директоры Китеров Дмитрий Алексеевич жалпы жиынтығы 8 жыл 6 айға, батысқазақстандық жеке кәсіпкер Губашев Бегиниятұлы 7 жылға, «Фиркан» ЖШС-да бухгалтер болып істеген Рашидова Зарина 5 жылға бас бостандықтарынан айрылды», - деп мәлімдеді Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған сотының судьясы Әбинұр Қарабаев. Судьяның ақпары бойынша, бухгалтер екіқабат болуына байланысты жазасын кейінірек өтейді. Барлық жеті салық инспекторы сот залынан босатылды. Олар бір жылға бостандықтарын шектеу жазасын алған. Қазір шарап зауытын лицензиясынан айыру мәселесі шешіліп жатыр. Еске сала кетейік, бұл қылмыстың схемасын бұдан бір жарым жыл бұрын қаржы полицейлері ашқан еді. Олар кәсіпорында ауысымның ресми жұмыс уақыты біткеннен кейін қосымша өндіріс желісінің іске қосылатынын анықтаған. Сол кезде арақ пен коньяктың ыдыстарына жалған акциздік маркалар жапсырылып, сатуға шығару үшін басқа жақтарға жөнелтілетін болған. Жедел іздестіру қызметкерлері кең ауқымды тексеру жұмыстары барысында есепке алынбаған бір жарым миллионан астам алккоголь шыныларын тапқан. Дәл осындай қамауға алу жұмыстары барлық облыстардың орталықтарында жүргізілді. Олар бойынша 10 қылмыстық іс қозғалды. «Тексеру кезінде екінші шарап зауытының директоры жүрегіне операция жасатқан. Сондықтан оған қатысты қылмыстық іс бойынша бөлек өндіріс жүргізілді», - деді Қарабаев. Оның мәліметі бойынша, бір қылмыстық топты ұйымдастырушы қолға түскен, ал тағы екі кәсіпорынның құрылтайшылары бұрынғысынша іздестірілу үстінде. Құрыш Нұрымбет.