29 Наурыз, 2015

Еуро-2016: Бізден басқасының бәрі мықты

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
29-03-2015-bolgaria-italia 01АСТАНА. 29 наурыз. Кеше тунде футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында тағы 9 ойын өтті. «А» тобында сынға түсіп жатқан Қазақстанның өз алаңында Исландиядан ойсырай ұтылғаны белгілі. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бас командамыз әдеттегі жүрісінен жаңылмай, өзі гол соқпаса да, қақпасына үш доп жіберді. Сөйтіп, кезекті командаға үш ұпай сыйлады. Осылайша, 320 мың ғана халқы бар, доп тебуге жарайтын қара жерінен тоң боп қатқан мұзы басым арал-мемлекеттің өзі абыройымызды айрандай төгіп кетті. Біз мұз құрсауындағы ұлтарақтай аралдан келген командадан ірі есеппен жеңіліп жүргенде, Болгария әлемнің 4 дүркін чемпиондары Италияның «екі аяғын бір етікке тықты». Жанкүйерлер назарын аударған бұл кездесу тең аяқталды. Дегенмен, Италия сол тең нәтижеге зорға қол жеткізді. Бірінші болып есеп ашқанымен, аз уақыттың ішінде екі гол жіберіп алды. Тек соңғы сәтте ғана таразы басын теңестіруге мүмкіндік тауып, жеңілістен аман қалды. Сондай-ақ, біздің топтағы қалған екі ойын да аса тартысты әрі қызықты өтті. Топ басында келе жатқан Чехия өз алаңында Латвиямен тең ойнағанына риза болды. Латыштар 90 минут бойы чехтарды әбден састырды. Тіпті үш ұпай олжалауға толық мүмкіндіктері болған еді. Дегенмен, соңғы сәтте ғана осалдық танытып алды. Нидерланды мен Түркия арасындағы ойында да тең нәтиже тіркелді. Бұл жұпта Нидерландының деңгейі жоғары екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Әйтсе де, қызғалдақты елдің өкілдері түріктермен тең ойнағанына шүкіршілік айтты.  Егер төреші қосқан қосымша уақыт болмаса, жағдай мүлдем басқаша болар ма еді?! Ендеше, кеше өткен ойындардың нәтижелеріне назар аударайық. Қазақстан – Исландия 0:3 (0:2) Голдар: Эйдур Гудьонсен 20, Биркир Бьярнасон 32, 90+1. Чехия – Латвия 1:1 (0:1) Голдар: Вацлав Пиларж 90 – Алексей Вишняков (30). Израиль – Уэльс 0:3 (0:1) Голдар: Аарон Рэмси 45+1, Гарет Бэйл 50,77. Әзербайжан – Мальта 2:0 (1:0) Голдар: Джавид Гусейнов 4, Дмитрий Назаров 90+2. Хорватия – Норвегия 5:1 (1:0) Голдар: Марсело Брозович 30, Иван Перишич 54, Ивица Олич 65, Гордон Шильденфельд 87, Даниэль Праньич 90+4 – Александер Тетти 81. Нидерланды – Түркия 1:1 (0:1) Голдар: Клас-Ян Хунтелар 90+2 – Бурак Йылмаз 37. Андорра – Босния және Герцеговина 0:3 (0:1) Голдар: Эдин Джеко 13, 49, 62. Бельгия – Кипр 5:0 (2:0) Голдар: Маруан Феллайни 21, 66, Кристиан Бентеке 35, Эден Азар 67, Миши Батшуайи 80. Болгария – Италия 2:2 (2:1) Голдар: Ивелин Попов 11, Илиян Мицански 17 – Йордан Минев 4 (автогол), Эдер 84. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: parimatch.com.