29 Наурыз, 2015

Семейде 5 жасар қыз бала суға батып кетті

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

29-03-15-led-4

АСТАНА. 29 наурыз. Семейде әкесімен бірге өзен жағасына барып, мұздың үстінде ойнап жүрген 5 жасар қыз суға батып кетті. Бұл туралы «7 арна» хабарлады. Осы оқыс оқиғадан кейін құтқарушылар Ертістің бойын жағалаған балықшыларға жаппай ескерту жасап жатыр. Бірақ олардың мұз үстінде балық аулауды сәуірге дейін жалғастыратын ойлары бар. Қазір Ертістің мұзы айтарлықтай жұқарған. Қалындығы шамамен 10 см. Оның үстіне шықпақ түгілі, жағасында жүрудің өзі қауіпті. Бірақ, мұнда күн сайын жүздеген балықшы келіп, ойық ояды екен. «2014 жылы осы сәуір айынның басында Бесқарағай ауылының Глуховка ауылында екі балықшы батып кетті. Мұндай төтенше жағдайларды болдырмас үшін балықшылармен әңгіме өткізіп жене ескерту жасап осындай жұмыстарды атқарып жатырмыз. Дегенмен, Ертіске келіп балық аулауды ермек қылатындар әзірге еш нәрседен қауіптенбейтін сыңайлы. Олардың ойынша, сәуірге дейін балық аулауға болады», - деді Семей қалалық судан құтқару қызметінің маманы Тасболат Көшкінбаев. Мамандар ескертуді жайдан жай жасап отырған жоқ. 22 наурыз күні мұз үстіне шыққан 5 жасар бала су түбіне батып кетіпті. Әкесі құтқарып үлгермеген. Кішкентай қыздың денесін құтқарушылар алып шығады. Мамандар биыл Ертістің арнасы бұрылып балықшылар отырған аумаққа қауіп төндіріп тұрғанын айтып дабыл қағуда. Сондықтан алдын алу шараларына балықшылардың бағынуы тиіс екенін ескертіп отыр. Мұрат Айтқожа.