01 Сәуір, 2015

Мақсат – сайлау мөлдірлігін қамтамасыз ету

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орал қаласында Қазақстандағы сайлауларды байқау жөніндегі республикалық Қоғамдық комиссиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының таныстырылу рәсімі өткізілді.Онда  аталған филиалдың төрайымы Вера Шохина оның алға қойған мақсаттары мен міндеттері және тұтастай алғанда президенттік сайлауға әзірлік жұмыстары мен оны өткізу кезіндегі құрылымдық бөлімшенің атқаратын қызметі туралы жан-жақты әрі егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның басты түйіні төмендегідей: Аталған республикалық Қоғамдық комиссия 2005 және 2011 жылдары өткізілген президенттік сайлау мен 2007 және 2012 жылдары өткізілген парламенттік сайлауда өзінің тиімділігін көрсете білген болатын.Сондықтан да алдағы 26 сәуір күні президенттік сайлау өткізілетініне орай биылғы наурыз айының 3-інде оның қызметі қайтадан жаңғыртылғаны белгілі. Баспасөзде бұған дейін хабарланғанындай, оның құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен журналистер енгізілді. Комиссия қызметінің басты мақсаты – сайлау үдерісінің барлық сатыларында оның мөлдірлігін, әділдігі мен тазалығын қамтамасыз ету. Сонымен бірге, сайлаушылар мен сайлауға қатысатын кандидаттардың конституциялық құқықтары бұзылмауын қадағалау ісі де комиссия қызметі құзырына кіреді. Бүгінгі электоралдық кезеңде барлық жердегідей Батыс Қа­зақстан облысында да рес­пуб­ликалық Қоғамдық комиссияның аймақтық өкілдігі өз жұмысын бастап отыр. Бұл өкілдік бай­қауларды шоғырландыру орталығына айналмақ, деп мәлімдеді брифингте В.Шохина. Осы орайда, Орал өңір­ін­де белсенді азаматтардың қатары­нан байқаушылардың кең ау­қымды қоғамдық жүйесі жасақтал­ған. Қазіргі күні мұнда сайлау учас­келеріне келетін байқаушыларға азаматтық ұстанымы жоғары үміткерлерді таңдау мен іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп, президенттікке кандидаттарға дауыс берілетін 26 сәуір күні облыстағы 523 сайлау учаскесінде комиссия филиалы өкілдіктерінің байыпты байқаулары жүзеге асырылмақ. Республикалық Қоғамдық комиссия өкілдігі өз қызметі барысында халықаралық байқау­шы­лармен, облыстық сайлау комис­сиясымен, прокуратура орган­дарымен, президенттікке кан­ди­­даттардың сайлауалды штабтары­мен және БАҚ-пен ашық әрі белсенді байланыс ұстап отыруды ұйғарған. Осындай жанды қа­рым-қатынас ғылыми-сарапшылар қауымдастығы және Азаматтық альянс институты өкілдері арасында да жүргізілмек. Президенттік сайлаудың қоры­тын­дысы бойынша республикалық Қоғамдық комиссияның Батыс Қазақ­стан облысындағы филиалы өзі­нің толыққанды есебін жасайды. Бұған қоса, сайлау үдерісі­нің барлық кезеңдері бойынша объек­тивті баға беруді назарда ұстайды, деп түйін жасады брифингте филиал төрайымы Вера Кузьминична. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.