30 Наурыз, 2016

Мемлекет басшысы Еуропалық комиссия төрағасымен кездесті

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
30-03-2016-Prezident555АСТАНА. 30 наурыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті. Бұл туралы akorda.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолдары қарастырылды. Тараптар сондай-ақ, халықаралық күн тәртібін, соның ішінде Орталық Азия өңіріндегі өңірлік ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Жан-Клод Юнкер бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан Президенті еліміздің Еуропалық одақпен 23 жыл бойы ынтымақтасып келе жатқанына назар аударды. «Бүгінде Қазақстан – Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірден-бір ел. Бұл құжатқа былтыр қол қойылды, республикамыз оны ратификациялады, сондықтан осы келісімнің экономикалық бөлігін 1 мамырдан бастап уақытша пайдалана аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елімізде өткен президенттік және парламентік сайлауларға байланысты құттықтау жолдағаны үшін де алғыс айтты. «Таяудағы парламенттік сайлауды 1000-ға жуық шетелдік байқаушы бақылады, олар сайлау үдерісі демократия, бостандық және бәсекеге қабілеттілік қағидаттары негізінде барлық тиісті заңнаманы сақтай отырып жүзеге асырылғанын растады», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық одақ елдерін алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру ісіне қатысуға шақырды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуроодақ санкциялық текетіресті әсіресе оның біздің елге ықпалын ескере отырып, барлық мүдделі тараптарға тиімді түрде шешу жөніндегі іс-қимыл аясындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның таяу көршілерімен – Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен жақын достық қарым-қатынас орнатып отырғанына, олар экономикалық ынтымақтастық бойынша негізгі серіктес болып саналатынына назар аударды. Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ азаматтарының өзара барыс-келісі, соның ішінде Еуроодақ тарапының да виза режіміне қатысты жеңілдік жасау мүмкіндігі туралы мәселелер қозғалғанын атап өтті. Тараптар Қазақстан әуе компанияларының Еуропалық одақ елдеріне ұшуын шектеуге байланысты ахуалды шешу жайын да талқылады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қарастырылған барлық мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгеніне назар аударды. Жан-Клод Юнкер сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. «Бұл тығыз қарым-қатынастар сан түрлі формаға ие болуда. Еуропалық одақ – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі», – деді Еуропалық комиссия төрағасы. Сондай-ақ, ол маңызды өңірлік үдерістерге қатысып отырған Қазақстанның бітімгерлік ықпалына Еуропалық одақтың сенім артатынын атап өтті. Жан-Клод Юнкер келіссөз барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен адам құқығын одан әрі қамтамасыз ету мәселелері қозғалғанын айтты. Талғат Райымбек. Дерек, фото: akorda.kz. 30-03-2016-Prezident666