Бұрнағы күні «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Оған «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі, Парламент Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімов қатысып, партия міндеттерін орындаудың маңызын тарқатып берді.
Алдымен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукенов есепті баяндама жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия мүшелерінің алдындағы міндеттердің орындалысын кеңінен қамтыды. Оның айтуынша, облыста атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Үдемелі индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылуына партиялық бақылауды күшейту, мемлекет қаражатының ел игілігі үшін тиімді жұмсалуын қадағалау – партиялық бақылау комиссиясының негізгі міндеті. Бұл жұмыстардың өз мерзімінде орындалуына партиялық бақылауды күшейту үшін партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес облыста 105 партиялық бақылау бекеттері құрылған.
Бүгінгі таңда жұрт «Нұр Отанға» үміт артатын болды. Өйткені, партияның келешегіне, тұжырымдамасының орындалатынына сенеді. Сенгендіктен ғой, күнделікті тұрмыстық тауқыметін де, алаяқтықты көксеген арамзалар мен қолында шоқпары бар шенділерден көрген зәбірін де «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауына келіп айтады.
Конференцияға қатысушы бірнеше делегат пікір білдірді. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП Исатай аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бақберген Қарабаевтың айтуынша, партияның бақылау бекеттері білім беру, денсаулық сақтау нысандарының құрылысын ұдайы қадағалап отырған. Өйткені, мұндай әлеуметтік нысандардың сапалы әрі мерзімінде салынуы, сонымен бірге оларға бөлінген бюджет қаржысы мақсатты жұмсалуы қажет.
Ал еңбек ардагері Қатимолла Ризуанов партия жұмысының жандануын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен байланыстыра келіп, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына ортақ проблеманы қозғады. «Батыс өңірінің өміріне нәр беріп тұрған өзі жалғыз әрі ерке, әрі сұлу Ақжайық бүгін еркелейтін халде емес. Жылдан жылға таяздап, кей жерлерде көселер көрініп жатыр. Бәзбір тұстарды кешіп өтуге болады. Осылайша өзеннің интенсивті тайыздануын тоқтату тек мемлекетаралық дәрежеде ғана шешілетін мәселе», деді ол.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деген. Бүгінде сирек болса да еліміздің әр түкпірінен оқушылар тарапынан бір-біріне, не өзіне өзі қол жұмсау фактілері бой көрсетіп жүр. Бұл жақсылық нышаны емес. Мектепке дін тарихы сабағын енгізуді кей діни топтар бара-бара өз мақсаттарында пайдалануы да мүмкін. Бұл – көптеп қолға алатын мәселе, келешегіміздің тағдыры, дейді тағы да Қ.Ризуанов.
Конференцияда Оралбай Әбдікәрімов өңірлік филиал жұмысындағы оң істерді атап өтті. Сонымен бірге, партия жұмысын жандандыру мәселесі, партия мүшелерінің алдында тұрған міндеттері жайында салмақты пікір білдірді. Ал конференция мүшелері «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалының төрағалығына облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновті қайта сайлады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың аяғына дейін ұзарту жөніндегі референдумды бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.* * *
ЕЛ ЖЕТЕКШІ ҰЙЫМҒА СЕНЕДІ
Кеше облыс орталығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының VIII есеп беру-сайлау конференциясы болды. Ал осыдан біраз ғана бұрын «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кезектен тыс VІІ конференциясы өткені белгілі. Облыстық филиалдың жаңа төрағасы болып облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев сайланды. Яғни, бұл жиында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының бұрынғы төрағасы Александр Вербняктың Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалуына байланысты нұротандықтар жаңа басшысын сайлауы тиіс еді. Партияны басқаруға сенімді, белсенді, лайықты адамдар әрқашан қажет. Халық «Нұр Отанда» елін, жерін, тілін, ұлтын сүйетін, өзгені кеудеге қақпайтын, рухани ой-өрісі биік, салиқалы, парасатты, саяси көзқарасы бекем, елге айтары бар, беделді, абыройлы, сыйлы, жұрт білетін патриот жандар қызмет жасағанын қалайды. Конференция жұмысына «Нұр Отан» ХДП хатшысы Сергей Громов, делегаттар мен партияның қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары, қала және аудан әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты. «Бұл ретте,– деді Сергей Громов, – «Нұр Отан» партиясына да жүктелетін міндеттер жүгі ауқымды болатыны сөзсіз, алға қойған барлық мақсаттарды орындау үшін елі үшін қызмет жасайтын белсенді, іскер басшының үлгі көрсетіп алда жүргені абзал. Сондықтан, Елбасымен келісе отырып, облыстық филиал төрағасы қызметіне облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевты сайлау ұсынылды». – Маған сенім білдірген Елбасына рахмет. Сенім білдірген барлығыңызға рахмет. Осы үдеден шығуға барлық күш-жігерімді жұмсаймын,– деді облыс басшысы. Сөйтіп, басқосуға жиналған делегаттар облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Өз кезегінде филиалдың жаңа басшысы Бақытжан Сағынтаев мәслихатқа жиналғандар алдында сөз сөйледі. – Еліміздің бүгінгі жетістіктері айтарлықтай ауқымды. Әрине, бұл жетістіктер Елбасының есімімен тығыз байланысты. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер, – деді Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде. – Сондықтан біз, қазақстандықтар бұл табыстардың оңай келмегенін түсініп, қадірін білуіміз керек. Елдегі тұрақтылық пен татулықтың, экономикалық өрлеудің, халықтың тұрмысының жақсаруында Елбасының еңбегі зор. Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы нұротандықтар халықпен бірге қызу қолдап, бұл жолы да белсенділік танытты. Біздің облыс бойынша 300 мыңнан аса павлодарлық бұл бастамаға үн қосты. Мұнда жергілікті партия мүшелерінің еңбегі зор. Сөзінің соңында Б.Сағынтаев еліміздің жыл соңына таман өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетініне назар аударды. Барлық қиын уақыттар артта қалды, енді біздің егемен еліміз алған бағытынан ауытқымай, өсіп, өркендей береді деп сенеміз және оған күмән жоқ, деді «Нұр Отанның» облыстық филиалының төрағасы. Жиынға қатысқан «Нұр Отан» ХДП Саяси бюросының мүшесі Александр Павлов партияның жергілікті жердегі атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. Конференцияда сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы саяси кеңесінің 2009-2010 жылдардағы жұмысы туралы» және филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының жұмысы туралы есептері мен басқа да ұйымдық мәселелер қаралды. Партия облыстық филиалының саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы және «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезіне делегаттар сайланды.Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.* **
ЖАҢА МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ
«Нұр Отан» ХДП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының ХІІІ партиялық есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Оның жұмысына партияның Саяси кеңесінің бюро мүшесі, «Нұр Отан» ХДП хатшысы – Орталық аппарат басшысы Сергей Громов, Парламент Сенатының депутаттары Тасбай Симамбаев, Анатолий Башмаков қатысты. Онда өңір басшысы, филиал төрағасы Серік Біләлов жергілікті партия ұйымының есепті кезең ішінде атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттер жайлы баяндама жасады. «Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі бағдарлама жобасы талқыланды. Баяндамашы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы серпінді сипатқа ие болуы нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарғанын атап өтті. Былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 80,6 миллиард теңгені құрады. 4 миллион тоннадан астам астық жиналды. 6 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. «100 мектеп, 100 аурухана», «Таза ауыз су», «Жол картасы», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламалары бойынша көптеген істер атқарылды. Осындай жетістіктерге нұротандықтар да зор үлес қосып келеді. Қай салада болса да бастауыш ұйымдардың партиялық ықпалы артып, ұйымдастырушылық, саяси-идеологиялық қарымы жандана түсті. Есепті кезең ішінде партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің – 6, саяси кеңес бюросының 16 мәжілісі өтіп, күн тәртібіне өзекті мәселелер ұсынылған. Қабылданған шешімдер орындалуымен құнды десек, бұл бағытта да тындырылған шаруалар аз емес. Серік Сұлтанғазыұлы азаматтардың өтініш-тілектерінің бірде-бірі ескерусіз қалмағанын, әрбір арыз-шағым мұқият қаралып, иелеріне тиянақты жауап берілгенін назарға салды. Филиал жетекшісі жергілікті партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары мен конференциялары зор белсенділікпен өткенін, ендігі бағдар «Нұр Отан» ХДП-ның Төрағасы, Президент Н.Ә.Назарбаев белгілеген міндеттер мен талаптарды мүлтіксіз жүзеге асыру болып табылатынын, алдағы міндет пен бағдар айқын, тек жұмыла іске кірісу қажеттігін жеткізді. Партияның жастар саясатын күшейту, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарымен тұрақты қарым-қатынас жасау, патриоттық, адамгершілік тәрбие мәселелерін назарда ұстау, мемлекеттік маңызы зор әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына күш салу мәселелері де жан-жақты сараланды. Баяндаманы талқылауға «Нұр Отан» ХДП Петропавл қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Нұржан Әшімбетов, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Федор Штранин, облыстық партиялық бақылау комиссиясының жетекшісі Әлім Шүкенов, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Алмолдин, қалалық мәслихаттың депутаты Анатолий Мишин, тағы басқалары қатысты. Шешендер партияның рөлін арттыру, жұртшылықпен жұмыс істеу әдістері мен тәсілдерін жақсарту, партияның халықтық тұғырнамасын іске асырудың жолдарын әңгімеледі. Облыстық партия ұйымының есептік мерзімде атқарған жұмысын оң бағалады. Сергей Громов сөз сөйлеп, саяси ұйымның 2020 жылға дейінгі бағдарлама жобасы туралы ой қозғағаннан кейін «Нұр Отан» ХДП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағалығына облыс әкімі Серік Біләлов қайта сайланды. Облыстық бастамашы топтың жетекшісі Григорий Кухарь Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға 234 470 солтүстікқазақстандықтың қол қойғанын жеткізіп, алдағы референдумды қолдауға шақырды. Конференцияда «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезіне делегаттар сайланды.Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.