Сұрағаныңды лезде тауып беретін, мәтін жазудың қыр-сырын мейлінше меңгерген, тіпті жарамсыз деген шығарманың өзін бар қатесінен арылтып, мінсіз қалыпқа түсіре алатын ChatGPT жүйесі күн санап қарқынды дамып келеді.
Мәселен, аталған бағдарлама осы күнге дейін сұрақ қойған кезде ғана жауап беретін. Ал енді бұдан былай жасанды зерде өзі бірінші болып жазатын қабілетке ие. Кәдімгі адам секілді. Яғни азаматтардың маңызды жоспарларын еске салып, шынайы көмекші қызметін атқарады. Байқағандарыңыздай, жасанды интеллектінің қарқыны қатты. Қолдана алсаң – игілігің, қолдана алмасаң – қиғылығың.
Тірі мұнара
Каталония халқының бірлігі мен қайсарлығын көрсететін ерекше дәстүрі бар. Бұл – адамдардан құралған тірі мұнаралар құру өнері «Кастельс».
Мұнараның төменгі қабатын денесі мығым мықтылар ұстап тұрса, жоғары қабаттарға жеңіл әрі епті жастар көтеріледі. Әр көрермен жанын шүберекке түйіп, керемет шоуға шомылады. Аталған дәстүрдің екі ғасырдан астам тарихы бар. 2010 жылы ЮНЕСКО бұл өнерді адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды.
«Құпия арал»
NASA спутниктері Каспий теңізінен «Чигил-Дениз» атты белгісіз арал тапты.
Обсерватория дерегінше, 2022 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың желтоқсаны аралығында «Landsat 8, 9» аппараттары Каспий теңізінің жағалау аймағын бірнеше рет суретке түсіріп, кездейсоқ жаңа аралды анықтаған. Спутниктік бақылаулар көрсеткендей, арал Кумани-Бэнк жанартауының атқылауынан кейін пайда болған.