• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Ғылым Кеше

Елімізде шетелдік университеттің филиалы ашылды

150 рет
көрсетілді

Қазақстанда шетелдік беделді жоғары оқу орындарының филиалдары көптеп ашылып жатыр. Бұл қадамды Ғылым және жоғары білім министрлігі елімізді академиялық хаб ретінде қалыптастыру және білім «экспортын» дамытуға бағытталған деп түсіндіреді. Жақында тағы бір шетелдік университеттің филиалы Қазақстанда ашылды.

Бұл – Гонконгтың CityU (City University of Hong Kong) университетіне қарасты  CityU Зерттеу және инновациялар институтының (CityUHK Institute of Research and Innovation – CIRI) филиалы. Аталған филиал Сәтбаев университеті базасында ашылды.

CityU – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан жас ғылыми-зерттеу университеттерінің бірі. Ол аз ғана уақыт ішінде QS рейтингі бойынша 62-орынға, ал Times Higher Education тізімі бойынша 78-орынға шықты. Стэнфорд университетінің мәліметінше, CityU-дың 170-тен астам оқытушысы әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілген ғалымдардың топ-2% қатарына кіреді.

Институттың ресми ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, ҚХР-ның бас консулы Цзян Вей және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова: «Бұл Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі үшін шын мәнінде маңызды оқиға болды. City University of Hong Kong университеті сияқты беделді университеттің филиалын ашу бізге жоғары білікті кадрларды даярлауға ғана емес, ғылым мен озық зерттеулерді бірлесіп дамытуға да мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық қарым-қатынас екі ел арасындағы берік көпірге айналатынына және қазақстандық білім беру жүйесін жаңа, халықаралық деңгейге шығаруға ықпал ететініне сенімдімін», деді.

Ал Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев: «Шетелдік университет филиалының Сәтбаев университетінде ашылуы — Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қазақстанда білім мен ғылым сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық студенттер CityU сынды әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік алып отыр», деді.

Екінші тараптан сөйлеген CityU Директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай: «Бүгін біз тек филиал ашып қана қоймай, жаһандық деңгейде ойлайтын көшбасшылар мен жаңашыл ғалымдарды даярлауға негіз қаладық. Олар адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге үлес қосып, Қазақстан мен Гонконгтың, сондай-ақ бүкіл әлем қауымдастығының өркендеуіне қызмет етеді», деді.

Дәл осы күні CityU мен Сәтбаев университеті арасында PhD деңгейіндегі қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – қазақстандық университет пен әлемнің ТОП-100 университеттері қатарына кіретін беделді жоғары оқу орны арасында жасалған алғашқы келісім.

Екі университет арасында осыған дейін қол қойылған стратегиялық серіктестік келісімге сәйкес Материалтану (Material Science), Жасанды интеллект, Компьютерлік ғылымдар (Computer Science) және Азаматтық құрылыс (Civil Engineering) мамандықтарына бағытталған қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылды, бакалавриатта оқу «2+2» және магистратурада оқу «1+1» форматы бойынша өтеді.

Филиалдағы оқу студенттерге Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік гранты негізінде толықтай ағылшын тілінде білім алуға мүмкіндік береді. Бакалаврлар алғашқы 2 оқу жылын Алматыда өткізсе, соңғы 2 жылды Гонконгта өткізеді. Ал PhD бағдарламасының қатысушылары Гонконгтағы оқу барысында әлемдік ғылыми зертханаларда жетекші ғылыми топтармен бірге тағылымдамадан өтеді.