Мәжіліс депутаттары қазіргі медициналық білім беру моделі студенттерге жеткілікті тәжірибе бермейтіндігін атап өтіп, оқу мерзімін тағы бір жылға ұзартуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, қазіргі жүйеде студенттер ұзақ оқудан кейін де толыққанды практикалық дағдыларсыз қалады.
«Студенттердің оқу мерзімі алты жылды құрайды. Одан кейін алты айға созылатын интернатура кезеңі бар, онда студенттер стационар жағдайында нақты заңды мәртебесіз жұмыс істейді, медициналық жүйелерге толық қол жеткізе алмайды және емдік манипуляцияларға қатысуға құқығы жоқ. Алты жылдық оқуды аяқтаған түлектер резидентурадан өтпейінше жұмысқа орналаса алмайды. Резидентураның ұзақтығы екі жылдан төрт жылға дейін созылады. Сонымен қатар, мемлекеттік гранттар саны шектеулі болғандықтан, оқу көбінесе ақылы негізде жүзеге асады», деді ол.
Алматыдағы медициналық мекеме науқастардың денсаулығына қауіп төндіретін құрылғыларды пайдаланған
Осыған байланысты депутат медициналық білім беру жүйесін өзгертіп, оқу мерзімін жеті жылдық модельге ауыстыруды ұсынды. Оның ішінде алты жыл теориялық оқу және бір жыл медициналық ұйымдарда толыққанды практикалық интернатура қарастырылуы керектігі айтылды.