Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Бабишке ілтипат білдіріп, Қазақстан жұртшылығы оны Чех Республикасында ғана емес, Еуропаға белгілі саяси қайраткер ретінде жақсы білетінін жеткізді, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Андрей Бабиш қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, еліміздің түрлі салада жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы аса маңызды мемлекет. Сондықтан осынау ғажап елге сапармен келу – мен үшін зор мәртебе. Жақында жаңа Конституция қабылдадыңыздар. Құтты болсын! Сіздердің бұл бағыттағы тәжірибелеріңіз бізге де пайдалы болады деп есептеймін. Қазақстанға келу көптен бергі арманым еді. Өйткені мен университетті аяқтағаннан кейін, яғни, 1978 жылы Шымкент және Жамбыл (Тараз) қалаларымен өзара байланыс орнатқан департаментте жұмыс істедім. Қазақстан – энергетика саласында аса үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Бүгінде атом электр станцияларының маңызы арта түсті. Сол себепті осы салада келісімге келгенімізге қуаныштымын. Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы жетістіктері таңқаларлық. Екі елге ортақ дүние көп. Чехия мен Қазақстан үкіметтері өзара ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін аянбай еңбек етеді деп ойлаймын», деді ол.