Қазір балалар жазғы демалысты көңілді өткізуі үшін шекарадан шықпай-ақ, еліміздегі лагерьлерге баруға болады. Бұл ретте туристік орынға бай Абай облысының маңызы зор.
Абай облысы Мақаншы ауданындағы «Дарабоз» жазғы сауықтыру-демалыс лагері балалардың алғашқы легін қабылдады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, лагерь жұмысы 6 маусым (әр маусым – 10 күн) өтеді. Әр кезеңде 120 бала қабылданып, жаз бойы 720 оқушы еліміздің танымал туристік аймағы – Алакөл жағасында демалады. Демалушылардың қатарында мектепте оқу жылын үздік аяқтап, белсенділік танытқан ауылдық жерлердегі 250 оқушы бар.
«Дарабоз» лагерінде 5-8 сынып оқушыларының (10-14 жастағы) жазғы демалысын мазмұнды да мағыналы өтуіне бар мүмкіндік қарастырылған. Оқушылар жергілікті бюджет пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен демалады. Балалардың демалысын ұйымдастыруға 10 педагог тартылған. Олардың қатарында аға тәлімгер, тәрбиешілер, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жүзуден нұсқаушы және медбике бар. Мамандар балаларға қызықты, ойын-сауық және тәрбиелік мәнді бағдарламалар ұйымдастырумен қатар, қауіпсіздігін де қадағалайды. Лагерь аумағы санитарлық-эпидемиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына толықтай сай келеді.
Демалыс бағдарламасында таңғы жаттығу, жүзу, спорттық жарыс, шығармашылық үйірмелер мен клубтар (би, қолөнер, спорт, ақындар үйірмесі), экскурсиялар, зияткерлік ойындар, би кештері, өзге де іс-шаралар болмақ. «Дарабоз» лагері балалардың денсаулығын нығайтып, қай салада да қабілетін дамытуға күш салады.
Биыл Абай облысында шамамен 5000-ға жуық мектеп оқушысы қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Сәуле Қожебекова баяндады.
– Жаз мезгілінде өңірде барлығы 9 лагерь тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың қатарында 8-і мемлекеттік, 1-еуі жекеменшік. Әлеуметтік осал санаттағы 4713 бала «Всеобуч» қорының есебінен тегін жолдамамен қамтылады, – дейді С.Қожабекова.
Сонымен қатар облыстағы 128 оқушы республикалық «Балдәурен» және «Бөбек» лагеріне барады. Ал келер жылы Көкпекті ауданындағы «Балдәурен» лагерін қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Абай облысы