• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Құмар ойын ұйымдастырған 50-ге жуық жасырын ұйым таратылды

50 рет
көрсетілді

Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз ойын бизнесімен белсенді күресті жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері елімізде осындай 50-ге жуық жасырын ұйым таратылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Былтыр елімізде ойын бизнесі және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер күшіне енді. Енді Қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Мәселен, «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша ҚК 307-бабының  3-бөлігінде ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу, электрондық казино және интернет-казино қызметін ұйымдастыру не ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиясыз жүзеге асыру – ауырлататын жағдайларда мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Алайда, осындай қатаң шараларға қарамастан,  ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжаның соңында заңды аттап өтетіндер әлі де бар. Жыл басынан бері жүргізілген ауқымды рейдтер мен тексерулердің нәтижесінде ойын автоматтары мен казинолардың 47 жасырын залы жойылды. Бұл ретте 215 бірлік стационарлық автомат, құмар ойындарға арналған мобильді терминал тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз онлайн-казинолар мен ставкаларды ұсынатын сайттарға 11 300-ден астам сілтемелер бұғатталды. Бұғатталған алаңдардың қатарында .kz домендік аймақтары бар ресурстар, сондай-ақ қазақстандық заңнаманы айналып өтуде белсенді жұмыс істейтін платформалар бар.

ҚМА заңсыз ойын бизнесімен күрес тек салық түсімдерін қорғауға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға да бағытталғанын атап көрсетеді. Агенттік қазақстандықтарды шет қалмауға және ойын қызметінің фактілері туралы хабарлауға шақырады.

«Лудомания халықтың айтарлықтай қаржылық шығындарын тудырады, қылмыс деңгейінің өсуіне және отбасылық шиеленістерге әкеледі. Заңсыз ойындардың әрбір қатысушысы немесе ұйымдастырушы қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналып, айналасындағылардың өмірін бұзады, экономикаға залал келтіреді. Қауіпсіздік әркімнің жауапкершілігінен басталатынын естен шығармаңыз», деп жазады агенттік.

ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметтері мен қаржылық мониторинг бірлескен операцияларды жалғастыруды, сондай-ақ қаражатты жылыстатуды тоқтату үшін ойын бизнесімен байланысты валюталық операцияларды бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр.