Қазақстандық ауыр атлет Әлихан Әскербай Астанада өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отандасымыз үш Азия рекордын және үш әлем рекордын жаңартты.
Қоссайыстың қорытындысы бойынша қазақстандық зілтемірші 310 (141+169) келіні еңсерді. Жасөспірімдер арасындағы жарыста ол бірінші орынға ие болды.
Сондай-ақ Әлихан Әскербай жастар арасындағы Азия чемпионатында да жүлдегер атанып, қола медальді еншіледі.
Айта кетсек, бұған дейін ел қоржынына екі медальді Ксения Прозорова салған болатын. Ол U17 санатында бірінші орынға ие болып, 20 жасқа дейінгі атлеттер арасында күміс жүлдегер атанды.
Ал 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (А тобы) сынға түскен Снежана Кашкарова жұлқа көтеруде 69 келіні бағындырып, қола жүлдеге ие болды.