Оқиға былай болған, күрделі ота жасап шыққан хирург өзге науқастарды қарау үшін қабылдау бөліміне келеді. Дәрігердің қабылдауы әдетте алдын ала кезекке тұру тәртібімен жүретіні белгілі. Алайда кезек күтіп тұрған науқастың бірі орынсыз жанжал көтеріп, дәрігерге жұдырық жұмсайды. Оқыстан тиген соққының салдарынан хирург есінен танып қалады.
Облыстық аурухананың баспасөз қызметі дәрігердің ауыр халде жансақтау бөліміне түскенін хабарлады.
Полиция 34 жастағы науқасты ұстап, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бап, 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысын бастаған.
Облыс әкімі де осы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейтуге баса мән беру керегін айтты.
«Жаңа ғана біреудің өмірін аман алып қалған дәрігер отадан шыға сала қызмет орнында соққыға жығылып отыр. Мұндай сорақы жағдайлар біздің қоғамда орын алмауы тиіс және барша тұрғындар тарапынан қатаң айыпталуы қажет. Құқық қорғау органдарына істі толық әрі әділ тергеп-тексеруді тапсырдым. Кінәлі адам заң алдында жауап беруі тиіс. Біз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қауіп-қатерге ұшырауына жол бермейміз. Олар – күндіз-түні, кез келген ауа райына қарамастан, өз міндетін адал атқарып жүрген жандар. Дәрігерлердің қауіпсіздігі мен қоғамдағы мәртебесі – басымдықта болуы тиіс. Менің тапсырмаммен ауруханаға орынбасарым барды. Зардап шеккен дәрігердің әріптестерімен байланыстамыз», деді Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысы