• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 15:48

Еліміздің IT бренді түркі дүниесін топтастырды

30 рет
көрсетілді

Бакуде өткен Technoxian Azerbaijan халықаралық чемпионаты аясында еліміздің «Robotek Grand Tournament» жобасы ресми түрде таныстырылды. Роботтар шайқасы мен дрон жарыстарын қамтыған бұл алаң – дәстүрлі түрде инженерлік ойлау мен техникалық шығармашылықтың ең жоғары деңгейін көрсететін беделді дода. Биылғы жарысқа Әзербайжанның барлық өңірінен 120-дан астам мектеп пен жоғары оқу орнының командалары қатысып, ұлттық финал STEM-білім берудің айтарлықтай ілгері дамығанын паш етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған іс-шараға еліміздің атынан арнайы делегация қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамыр айында Астанада өткен халықаралық «Robotek Grand Tournament» чемпионатында әзербайжандық командалардың жоғары белсенділік танытуы – қос тарап арасындағы ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Осы чемпионат аясында түркітілдес елдердің үздік командалары бас қосып, «TurkTime!» жаһандық бастамасы шеңберінде ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойылған еді.

«Халықаралық жарыстардың тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық дәуірде елдер арасындағы шекаралар емес, идеялар мен технологиялар маңызды. Сондықтан біз жаңа мазмұндағы олимпиадаларды қолға алып жатырмыз. Соның бірі – «Caspian Cup» атты ашық чемпионат. Қазақстандық серіктестерімізді Бакуде көретінімізге сенімдіміз», деді «AREA» инженерлік академиясының бас директоры Рахман Расулзаде.

Жалпы, Әзербайжан робототехниканы дамытуға он жылдан астам уақыт бұрын бет бұрған. Бүгінде бұл ел World Robot Olympiad секілді жаһандық байқауларда тұрақты жеңістерге жетіп жүр. Technoxian Azerbaijan жобасына үш министрлік – Жастар және спорт министрлігі, Цифрлық даму және көлік министрлігі, сондай-ақ Инновациялар мен цифрлық дамуды қолдау агенттігі (IDDA) қолдау көрсетіп отыр.

«Астанадағы чемпионат бізге ерекше әсер қалдырды. Жаңа астана – бірегей мегаполис. Ең бастысы, біз Қазақстанда робототехниканың жүйелі түрде дамып жатқанын көрдік. «Robotek Grand Tournament» – IT саласындағы халықаралық маңызы бар брендке айналды», деді Әзербайжандағы World Robot Olympiad ұлттық үйлестірушісі Кенан Каримов.

Бүгінде Астанадағы «Robotek» мектебі отандық интеллектуалдық жобаларды әлемдік деңгейдегі олимпиадалармен ұштастырып, технологиялық трансформацияның нақты үлгісіне айналып отыр. Панамада екі жыл бұрын қол қойылған халықаралық меморандумдар табысты жүзеге асып жатыр.

2025 жылғы «Robotek Grand Tournament» бұрынғыдан да ауқымды өтті. Қазақстан астанасында өткен бұл додаға алғаш рет АҚШ, Болгария, Әзербайжан, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерден 25-тен астам команда қатысты.

«Түркітілдес елдердің техникалық білім беру ошақтарымен өзара әріптестік орнату – біздің басты мақсатымыз. Бакуде өткен кездесу барысында чемпионат аясын кеңейту, «Caspian Cup» жобасына қазақстандық командалардың қатысуы, сондай-ақ болашақ бірлескен жобалардың бағыты айқындалды», деді «Robotek» мектебінің бас директоры Санжар Шалқарбеков.

Қазіргі таңда әлемдік робототехника үнемі өзгеріп, жаңарып келеді. Бұл саладағы ұлттық, өңірлік және халықаралық чемпионаттар – жас ұрпақтың жаңа мүмкіндіктер кеңістігіне шығуына жол ашатын бірегей алаң. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық – осы үрдістің нақты дәлелі.