• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Кеше

Шенеуніктердің табыс декларациясы қашан жарияланатыны белгілі болды

30 рет
көрсетілді

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің табыс декларациясы биыл жылдың аяғында жарияланады. Бұлай деп қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бүл мәселе күн тәртібінде тұр. Декларациялар 17 қыркүйекке дейін өткізіледі. Жылдың соңына дейін жарияланады. Былтыр заңдастырылған нысандарға қатысты ақпараттар жарияланады. Декларацияда жалақы көрсетілмейді. Себебі біз қаржы министрлігі оны көріп отырмыз. Декларацияда тек активтердің қозғалысы көрсетіледі», – деді Мәди Тәкиев үкіметте өткен баспасөз брифингінде Ulysmedia тілшісінің сұрағына.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин декаларацияда былтырғы жылы сатып алынған дүние-мүлік көрсетілетінін айтып, журналистерге қарата «сіздер үшін жылдың соңы қызықты болады» деді.

Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда табыс декларациясын тапсыратын мемлекеттік қызметкер саны – 580 мың. Бұған мемлекеттік қызметкерге теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары да кіреді.

Кіріс комитетінің мәліметінше, декларациясы ашық дереккөзге салынатын саяси және әкімшілік қызметкерлердің тізімін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі органның ұсынысымен Қазақстан президенті бекітеді.

Ал декларация деректері мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жоғарғы соттың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

Билік табыс декларациясын жариялау – заңсыз табыспен және жемқорлықпен күрес деп санайды.

Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тәртібіне сәйкес, 2024 жылы заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары табыс декларациясын тапсырған.

Биыл қалған азаматтар табыс декларациясын тапсыруға тиіс еді. Алайда былтыр қарашада президент ұсынысынан кейін қаржы министрлігі қарапайым азаматтарды декларация тапсырудан босатқан.