• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Музей Бүгін, 07:50

«Аралозавр» Сырға қайта оралды

10 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдағы елуінші жылдар соңында Сырдан мезозой дәуірінің дерегі шыққан екен. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінің солтүстік шығысындағы Бозтөбе түзілімдеріне жүргізілген экспедиция барысында табылған динозаврдың тұмсықсыз бас сүйегіне жасалған сараптама бор дәуіріне жататын алып кесірткенің жасын да анықтаған. Арал маңында табылғандықтан, халықтық «Аралозавр» атауына ие болған динозавр қаңқасы Сырға қайта оралып, жаңадан ашылған тарихи-өлкетану музейінің палеонтология залынан орын тепті.

Осыдан екі ай бұрын ашыл­ған тарихи-өлкетану музейінен қазір адам аяғы арылмайды. Ұжым болып келгендерден бөлек, қалалықтар да, облыс орталығына қыдырып келгендер де ең алдымен осы ғимаратқа асығады. Басқа өңірден келген ағайындарын әкеліп, тарих деректерімен таныстыратындар да аз емес. Жазғы каникул кезінде оқу­шыларға музейге кіру тегін болғандықтан, жаңадан ашыл­ған залдарды қызықтаған балалар қатары да көп.

«Қырық жыл пана болған бұрынғы ғимараттың қор сақтау ғимараты шағын еді, мыңдаған экспонатты талапқа сай сақтау қиындық тудырып келген. Музей залының тарлығы да көп нәрсеге кедергі-тін. Қазір оның бәрі ұмытылды. Жаңа ғимараттың жертөлесіндегі 800 шаршы метр аумақ қор сақтауға беріл­ді», дейді облыстық тари­хи-өлкетану музейі директо­рының орынбасары Жанат Ахметова. 

Екі ай бұрын музейдің ашы­лу салтанатына облысқа сапар­мен келген Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, ұлт атауын қайтарған Қы­зыл­орданың Алаш астанасы атанған кезеңінің 100 жыл­ды­ғына орайластырылған өңірдегі бастамаларға оң баға­сын берген.

Құрылысына «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы үлес қосқан жаңа музейде экспонаттарды таныстыру үшін заманауи технологиялар, жасанды интеллект мүмкіндіктері қолданылады. Экспозициялық алаңы екі мың шаршы метрден асатын музей залдарындағы жәдігерлер келушілерді қызықтыра түседі.

«Басқа облыстарда да салынып жатқан музейлер көп қой. Бірақ дәл біздегідей ғимарат жоқтың қасы. Бұрын түрлі құжаттар, фотоларға ден қойсақ, қазір ол қатарға мультимедиялық технология қосылды. Келушілер әр экспонат туралы арнайы тақтай­шадан үш тілде толық мә­лімет ала алады», дейді му­зей директорының орынбасары.

Жаңа ғимараттағы жаңа­лық – миллиондаған жыл бұрын Қазақстан, оның ішін­де осы Сыр табанында өмір сүрген алып кесіртке қаңқасы. Табиғат және палеонтология за­лындағы «Аралозавр» – ұзын­дығы 8-9, биіктігі 2 метр, сал­ма­ғы шамамен 5 тоннаға жете­тін алып кесіртке.  Мыңға жуық кішкентай тістері бар бас сүйек қаңқасы жануардың шөпқоректі болғандығын көрсетеді.

Мыңдаған жәдігерді талапқа сай сақтай алатын ғимаратта балаларға арналған  музей де бар. Ортағасырлар өркениеті, Ғарышты игеру, Киелі мұра мен Алаш зиялыларына арналған зал да ел байтағы атанғанына бір ғасыр толған Қызылорда жұртына тамаша тарту. 

 

Қызылорда