Абылай аспас сары бел – Арқаның құт мекеніне айналған Баянауылда төрт асылдың торқалы тойы өтті. Мойылдыбұлақ жанындағы жазық далада 80-ге жуық киіз үй тігіліп, халқымыздың салт-дәстүрі көрсетілді.
Биыл қазақ ән өнерінің алыбы, әнші, сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының туғанына 190, жазушы-сатирик Қадыр Тайшықовқа – 125, жазушы, майдангер Қалмұқан Исабайға және кинорежиссер, қазақ дубляж өнерінің майталманы Қуат Әбусейітовке 100 жыл толып отыр. Халқымыздың асыл перзенттерінің кіндік қаны Баянауылда тамған. Мерейтойға алыс-жақыннан құрметті меймандар мен зиялы қауым, жергілікті жұрт жиналды. Қазаққа талай ұлыларды сыйлаған, басынан бақ кетпеген Баянаула елі думанды іс-шараларға бар қам-қарекетінше дайындалғаны байқалды.
Мойылды даласында құрылған бас сахнада күй күмбірлеп, ән төгілді. Облыс әкімі Асайын Байханов ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі екенін еске сала келіп, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің құттықтау хатын оқып берді.
– Біздің ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына ұлттық бірегейлігіміздің негізі болған ең үлкен мәдени байлықты мұраға қалдырды. Оны болашақ ұрпаққа аманат ету – біздің міндетіміз. Мен бұл күндері батырлар бейнесінен – өр рухты, тың қолжазбалардан – тарих тынысын, табиғат сұлулығынан – туған жердің тылсым сырын, қазақ күресі мен бәйгеден, көкпардан – ата дәстүрдің асқақтығын, сөз додасы айтыстан – ел рухының асқан өткірлігін көрдім, – деп жерлестерін мерекемен құттықтады.
Мерекелік бағдарлама ұлттық мәдениеттің барлық құндылығын біріктірді. Облыстың музейлері мен кітапханалары ұйымдастырған көшпелі көрмелер жұрт назарын аударды. Әсіресе Қалмұқан Исабайдың сонау Германия жерінде соғыстан кейін комендант болып жүргенде жергілікті халықтың ықыласымен сыйға тартылған бірегей жазу машинасы, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы канал құрылысын бастан-аяқ жаяу аралау кезінде ұстаған қол таяғын көпшілік ықыласпен көрді. Бұл жәдігерлер бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталып тұр. Жаяу Мұсадан қалған шапан, Қуат Әбусейітов пен Қадыр Тайшықовтан қалған шығармашылық мұра үлгілері де келушілерге өткен ғасырдан сыр шертті.
Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, оған Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан өнер иелері қатысты.
Ал «Қазақ айтысының үш дәуірі» тақырыбында өткен айтысқа белгілі ақындар Серік Құсанбаев, Жұмкен Сейітов, Алтынгүл Қасымбекова, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатай қатысты. Мерейтойлық іс-шараларға «МузАрт» тобы мен әнші Меруерт Түсіпбаева арнайы келіп, кең даланы шалқытып ән шырқады.
Ат бәйгесі мен көкпар, бура санды алыптар айқасқан боз кілемдегі күрес те өз жанкүйерлерін аз жинаған жоқ.
Аудан орталығында мерейтой иелеріне арналған бірнеше рухани іс-шараға куә болдық. «Рухы биік тұлғалар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Жаяу Мұсаның жиеншары Гүлбаршын Дүрманова, Қуат Әбусейітовтің қызы Меруерт Әбусейітова, Қалмұқан Исабайдың үлкен қызы Баян Исабаева, жазушы, өлкетанушы Сайлау Байбосын тұлғалар жайында тың деректерді әңгімелеп, естеліктер айтты. Ал айтулы ақын, ардагер журналист Қорғанбек Аманжол Баян жеріне арнаған әсем жыр шумақтарын тарту етті.
– Қадыр Тайшықов – қазақ жазба әдебиетінде сатира, фельетон жанрын қалыптастырушылардың бірі. Ертіс-Баян өңірінен шыққан белгілі қаламгерлердің бірі болғанымен, аты аталмай қалған асылымыз. Қуғын-сүргін құрбаны болды. Кешегі Бейімбеттердің, Сәкендердің ізін басып шыққан жас дарын иесі 1937 жылдың желтоқсан айында ұсталған. Содан кейін дерек жоқ. Оның Сібір жеріне айдалып, сол жақта көз жұмғанын білдік, – деді Сайлау Байбосын.
Белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шаһимардан Әбілов Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әні әлемдік деңгейде мойындалған музыкалық шығарма деп баға берді. Әннің көлемі, құрылымы, диапазоны мен сөзі – әлемдік құбылыс.
«Қытайдың атақты ойшылы Конфуций: «Белгілі бір елдің көңіл күйін білгің келсе әнін тыңда», деген екен. Қазақтың ән өнерінде әлемдік деңгеймен таласа алатын туындылардың авторы – Жаяу Мұса. Мәселен, «Ақ сиса» әні тұнып тұрған стретто. Классикалық деңгейден қарағанда бұл әннің әлемдегі орны биік. Қазақтың музыкасын, тілін, мәдениеті мен жанын айқын байқататын әндеріміздің бірі. Жаяу Мұса «Сұрша қыз» және «Ақ сиса» әндерімен-ақ өз заманында биік деңгейге көтерілген, өнері әлемдік музыка мәдениетіне теңдескен тұлға екенін байқаймыз. Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай Францияда өткен концертке қатыстым. Сонда Абайдың «Көзімнің қарасы» және осы «Ақ сисаны» орындағанымда, Еуропа жұрты тәнті болған. Бұл қазақ өнерінің құдыреті еді. Біз осындай ұлыларымыздың асқақ өнерін ұлықтау арқылы қазақ руханиятын әлемге әйгілей аламыз», – деді Шаһимардан.
Қалмұқан Исабайдың жары Зәбира Исабаева Бұқар жырау музейі ұсынған көрме заттарын тамашалап тұрып, оның Қ.Сәтбаев арнасын жаяу аралап шыққан кезеңі туралы баян етті.
– Қазіргі Сәтбаев, сол кездегі Ертіс-Қарағанды каналы қазыла бастағанда жазушы бастан-аяқ сол жақта жүрді. Бірнеше жыл уақытын жұмсап, қомақты кітап, мақала-очерктер жазды. Ол кезде жазудың адамы төрт қабырғада қамалып отырмағаны да мәлім. Ел аралайтын, жер көретін. Бір жағынан Ертіс бойын жайлаған елдің тұрмыс-жағдайына қанығу үшін де сол сапарға аттанған болар деп ойлаймын. Бір құрдасының Қалмұқанға арнап:
«Сарыарқаның бойында,
Ақ таяғы қолында
Келе жатыр Қалмұқан
Екі қасқыр соңында», – деп әзіл өлең жазғаны да бар. Қалмұқан ашуланбайтын, әзіл-қалжыңды жиі айтатын, шаруасына тиянақты жан еді. Кешкі шайын ішкен соң бірден архив қайдасың деп тартып отыратын. Ол жақта тапжылмай отырып, тапқандарын дәлелдеу үшін ерінбей-жалықпай жан-жаққа сұрау салады. Қажет болса қиыр шет болса да өзі барып келетін. Әрбір жазған шығармасы қыруар еңбекпен келді. Талмай, шаршамай жазған дүниелерінен өзі де рахат алатын еді, деп толғанды жасы 85-тен асқан Зәбира Исабаева.
Баянауылда сондай-ақ бұл күндері Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай сатиралық шығармалар арасында және Қ.Исабайдың 100 жылдығына орай прозалық шығармалар арасында өткізілген облыстық байқаулардың қорытындылары жарияланды. Шығармашылық додаларды Баянауыл ауданы әкімдігі мен Айқара.kz әдеби порталы, облыстық «Ақбеттау» журналы ұйымдастырған. Айқара.kz әдеби порталының бас редакторы, ақын, көсемсөзші Асыл Әбіш байқауға 30-дан астам шығарма түсіп, соның 18-і іріктеліп алынғанын жеткізді. Қазылар алқасына шығармалар нөмірленіп ұсынылып, бұл байқаудың әділ өтуіне мүмкіндік берген. Прозалық шығармалар арасында «Өлім. Код. Өмір» әңгімесімен Жақсыбек Шанышқылы жеңімпаз атанса, Бейбіт Бөжен бірінші, Нұржан Күлжан мен Жантас Еркін екінші, Ербол Қайыров, Шолпан Байғалы, Жанасыл Серікбол үшінші орындарды иеленді. Ал сатиралық шығармалар бойынша Алпысбай Хонж топ жарды.
Осылайша, Баянауыл жерінде ел айта жүретін өнегелі, руханиятымызды асқақтатқан той өтті. Өңір басшысы Асайын Байханов атап көрсеткендей, мерейтойлар аясындағы барлық шығындар бюджетке салмақ салмай, жанашыр азаматтар мен демеушілердің қалтасынан шығарылған.
Атай кетерлігі, сонау Қытайдың Санжы облысы, Манас ауданынан велосипедпен шығып, әуелі Абай тойына аялдаған, одан соң Баянауылдағы төрт асылдың мерейтойына жеткен қандасымыз Айбар Еркінұлы да төбе көрсетті. Ол велосипедпен 2,5 мың шақырымға жуық жол жүріп келген. Облыс әкімі оған ат мінгізіп, мәрттік танытты.
Павлодар облысы