• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 08:33

Мақсаты – кәсіби біліктілік

20 рет
көрсетілді

Айналдырған алты жыл ішінде Қазақстан электролиз зауытының белді қызметкеріне айналып үлгерген Елдос Жұмабеков бүгінде металлургия саласының туын абыроймен желбіретіп келеді.

Жас маман – жасампаз істердің жаршысы. Арқа төсін­де кеңінен көсіліп жатқан алып зауыттың өнімді жұмы­сы Елдос Жұмабеков сияқты жігерлі жастардың мойнында. Білікті маман өзінің жастығына қарамастан бүгін­де ауысым басшысы ла­уа­зымын абыроймен атқа­рып, әріптестері арасында құр­метке бөленген. Оның айтуын­ша, ол зауытқа 2019 жылы С.Торайғыров универ­си­тетінің үшінші курсында оқып жүр­генде кірген. Талап­ты жастың бойындағы ұш­қынды аңғарған кәсіпорын бас­шылығы оны бірден жұмысқа қабылдапты. Елдос алғашқыда электролизер пештерінде алюминий өндірісінің операторы болып еңбек етеді. Қолына күрек-сайман ұстап, 1000 градусқа дейін қызатын пештердің айналасындағы қара жұмысқа белсене араласты.

– 200 гектарға жуық алқап­ты алып жатқан алып зауыт алыстан көз тартады. Өн­ді­рістік кешен жылына 250 мың тонна жоғары сапалы алюми­ний шығаратын жобалық қуатында жұмыс істей баста­ғаны да мәлім. Сапалы алюми­ний бүгінде ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталып отыр. Мұнда жұмыс істеуді алғаш­қы күннен-ақ мәртебе тұт­тым. Арада біраз уақыт өткен соң кәсіби тұрғыдан өсуім керек деген ойға келдім. Бас­шы­лық­қа кіріп, «мені бригадирлыққа үй­ре­тіңіз» деп едім, талабымды құптады. Үйрене келе бригадир, одан соң ауысым басшысы лауазы­мын сеніп тапсырды. Қазіргі уақытта қарауымда 17 жұмысшы бар. Бір қызығы, алғаш алю­миний құюға үйреткен аға буын қазір менің ауысы­мымда істейді. Олардың бар­лығы жауапты жұмысыма түсі­ністік­пен қарап, қолдан кел­генше жәрдемдеседі. Мұндай қолдау әрдайым жігер­лендіреді, дейді жас маман.

Елдос ең әуелі қоластын­дағы қыз­мет­кер­лердің қауіпсіз­дігіне жауапты. Олардың тех­­никалық қауіпсіздігін қада­ғалап, жұмыс сапасы­ның тө­мендемеуін назар­да ұстайды. Зауыт маманда­рының сөзін­ше, алюминий өндірісі энергияны көп қажет ететін үде­ріс, бір өзі 420 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Салыстыру үшін айтып өтейік, электролиз зауытының қуат тұтынуы алюминий тотығы өндірісінен (глинозем) 5 есе жоғары. Бір тонна алюминий өндіруге 1,9 тонна глинозем, 0,54 тонна анод, 13 МВт электр энергиясы қажет екен. Электролиз зауытынан шыққан бастапқы алюминийден әлем бойынша кәбіл-өткізгіш өнімдер, металл конс­трукциялары мен құрылыс материалдары, автомобиль, түрлі құрал-жабдықтар мен аспаптар жасалады.

Жас маманның талабы тау­дай. Ол 18 жылдық тарихы бар зауытта алғашқы болып республикалық «Алтын гефест» сыйлығын ұтып алды. Сондай-ақ былтыр облыстық деңгейде өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында топ жарды.

«Мұндай жетістіктер маған күш-жігер беріп қана қой­майды, алдағы істерге ынталандырады. Жұмысшы ма­ман­дығының қадірлі екенін Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев талай маңызды жиын­дарда атап айтты. Бізге де­ген көптің ыстық ықыласы, Үкімет пен жергілікті биліктің қолдауы айқын сезіліп отыр. Биыл жұмысшы мамандар үшін арнайы ипотека­лық бағдарлама қабылданды. Оның нәтижесінде көп­теген әріптесім бас­паналы болды. Жұмысшыларды қол­дауға бағытталған өзге де жобалар бар. Осының барлығы жұмы­сы­мызға шабыт сыйлайды», деп атап өтті ол.

Сөз соңында ол зауыт ұжымы көп этносты­ болғаны­мен, тату-тәтті жағдайда еңбек ететінін жеткізді. «Бас­шы­­лар, соның ішінде цех бас­шы­­сы, за­уыт директоры әрқай­сымыздың ой-пікірімізді тың­дауға, идеяларымызды қол­дауға әрдайым да­йын тұрады. Бар­лы­ғымыз бір отбасының мүше­лері сияқтымыз. Біреуіміз үлгермей жатсақ, өзгелері көмек­тесуге дайын тұрады. Ұжымдық рух айқын сезіледі. Ал мұндай жерде еңбек етудің өзі рахат. Ізімді басып келе жатқан жастарға айтарым, ең бастысы мақсатты дұрыс құра білу керек. Екіншіден, кез келген істе асығыстыққа жол бермеу маңызды. Мақсат дұрыс болса, кез келген қиындықтан жол тауып шығуға болады», деп түйіндеді сөзін Елдос Жұмабеков.

 

Павлодар облысы