• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Тамыз, 2025

Ерен

70 рет
көрсетілді

Әйгілі жазушы Әлібек Асқаровтың кезінде екі жүз мыңнан асатын таралыммен «Егемен Қазақстанда» қос-қос бетке қайта-қайта басылған «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай», «Марқакөл-Шанағаты», «Аспантау», «Қазығұрт» сияқты сырлы сафарилерінің бәрінің бел ортасында Ерен Жұмағұлов жүреді. Өзінің Қатонқарағайындағы сапар атаулыны ұйымдастырады, біз ұйымдастырған Нарынқол, Қазығұрт сапарларына қатысады.

Әлібектің «Атамұра» баспасынан биыл жарық көрген «Қойға шапқан қара аю» атты деректі әңгімелер жинағының да басты кейіпкері – біздің ардақты досымыз Ерен Жұмағұлов. Әңгіме дәл бұл күндері жетпіс бес деген жастың жотасына шығып жатқан осы асыл азамат туралы.

Әдетте дос деген адамға бала шақта, мектептегі кезде, студенттік дәуренде жолығады ғой. Әрине, қызметте жүріп табысқандардың арасынан да достасып кететіндер кездеседі, дегенмен, ондайлар көп бола қоймайды әрі солардың өзімен жастау тұсыңда ғана жаның жарасады көбіне. Жасың егделенген кезде, айталық, елуді еңсерген шағыңда жаңа дос табу деген тағдырдың сирек сыйы. Ерен – менің өмірімдегі осындай сирек сый. Еренмен біз кештеу кездестік. Дидахмет Әшімхановтың елу жылдығын атап өтуге Қатонқарағайға барғанымызда таныстық. Сөйтіп, танысуымыз табысуға ұласты. Табысуымыз үлкен достыққа ұласты. Содан бергі жиырма бес жыл достығымызды баянды ете түсті. Осы кезеңде өз басым Ереннің азаматтығына, еркөңілділігіне, іскерлігіне, тазалығына, адалдығына тәнті болудан танбай келемін.

«Бұл қазақта жігіттер бар мар­қасқа» дегенде Төлеген ақын осындай азаматтарды айтқан-ақ шығар! Ерен Жұмағұлов кешегі қиын жылдарда Қатонқарағай ұлттық табиғи паркінің тұңғыш директоры қызметін атқарып, Алтайдың тамаша табиғатын келе­шекке аман сақтап қалудың қия­мет-қайым жұмысын жан­кеш­­тілікпен жүргізді. Одан ке­йін Берел мемлекеттік қорық-му­зейін тақыр жерден құ­рып, оның да тұңғыш дирек­торы болды. Әлемге әйгілі қас­терлі қа­зы­на­мыздың құнтты сақта­луын, тиі­сінше зерттелуін қамтамасыз етті.

Ерекең туралы айтса, біздің Әлібек айтсын: «Ерен Жұмағұлов – Өр Алтайдың төл перзенті, туған жерінің теңіздей тербетіліп, мұхиттай шалқыған орманымен, бозалаң таулар, раушан гүлді адыр-қырқаларымен көзін ашып, көңілін суарған арда ұлы. Саналы ғұмырын табиғат аясында өткізген, өзен-көлді сағалап, тау шыңдарын жағалап ержеткен көшелі азамат. Жасынан табиғатпен етене өскендіктен де ол артық сөзге жоқ, көп жағдайда сырын аша бермейтін томаға тұйық, аз сөйлеп, көп тыңдауға бейім біртоға жан. Солай бола тұра мінезге бай, көңілі дарқан, пейілі кең, мол парасат иесі», дейді ол жан досы туралы.

Ерен, расында да, құрмет пен қошеметтің қандайына да лайық азамат. Сабырлы. Салмақты. Сенімді. Сырлассаң сырласуға, сыйлассаң сыйласуға сай тұра­ды. Күйіп-пісіп, күйгелектеніп қалу деген атымен болмайды біздің Еренде. Қатонқарағай­ға талай барғанымызда да, Хан Тәңірінің биігіне тікұшақпен көтерілгенімізде де, Қазығұрт­қа шыққанымызда да, талай ­жиын-тойда, құдалықта, қонақ­та бірге болғанымызда да сырбаз қалпынан бір танбайды ғой сабазың.

Біз өзіміз Ерекеңді әзілдеп, «Дерсу Узала» деп те атай береміз. Шынында да, қазіргідей жүректің дүрсілін мотордың гүрсілі басып бара жатқан мына ызы-қиқу, қым-қиғаш заманда табиғи тазалықты дәл сол Дерсу Узаладай самиян самал күйінде сақтап қалған Ерен сынды ерді табу қиын. Атақты орыс жазушысы Владимир Арсеньевтің әлемге әйгілі кейіпкерін Ерен еріксіз еске салады. Дерсу Узала – Қиыр Шығыстағы гольд деген шағын халықтың өкілі болған. Өмір бойы тайгада тұрып, өмір сүрген Дерсу аңшы Арсеньевтің ақылшысы, досы, қиян соқпақты сапарларда таптырмас көмекшісіне айналған. Ғалымды бірнеше рет өлімнен де құтқарып қалған. Саяхатшының сарбаздарын көп нәрсеге көзін ашып, тайганың құпия-сырларына үйреткен. Владимир Арсеньевтің кітабын оқыған, Акира Куросаваның «Оскарды» иеленген «Дерсу Узала» фильмін көрген адам ол бейнені ұмыта алмақ емес. Ерекеңнің өз аузынан Дерсу Узаланың тектілігіне тиянақ болатын талай-талай қызықты әңгімені естисіз. Арсеньевтің сарбаздары жаңбырдан қорғайтын балаған күркелер жасап, бір түнеп, ертеңінде бәрін шашып кете береді екен. Дерсу олай етпеген. Ол бұл маңайға өзі енді қайтып келмесін біле тұра, ке­те­рінде күркені жамап-жасқап, жаңбыр тимейтін тұсқа құрғақ отын дайындап, азғантай сіріңке шырпысын, бір уыс күріш пен тұз тастап отырады. «Мұнысы несі?» деп таңданыс білдірген серіктеріне өзінің бұл әрекетін: «Какой-какой другой люди ходи, балаган найди, сухие дрова найди, спички найди, кушать найди – пропади нету!» деп түсіндіреді. Міне, тайганың жазылмаған заңы деген осы! Ерен Жұмағұлов та жазылмаған осы заңды кәсіби аңшылар мен орманшылар­дың бұлжымас қағидасына айнал­дырған. «Алтай тайгасының алыс қойнау-қолаттарында, әр жерде аңшылардың қарағайдан қиып салған жатаған үйшіктерін кездестіруге болады. Қақаған аяз бен үскірік боранда құрған қақпандарын тексеріп, аң қарап, жаяу-жалпылы сүйретіліп келе жатқан аңшы әлгіндей үйшіктерге жете жығылады, бой жазып демалады. Онсыз да күні бойы орман кезіп, әлі құрып шаршаған аңшы ұйтқыған боранда отын іздеп сандалмайды, даяр отынды тұтатып, даяр сіріңкемен от жағып, жан шақырады. Кетерінде өзі пайдаланған дүниені ойсыратып шашып кетпей, орнын толтырып, келесі аңшының жағдайын жасап қояды», деп түсіндіреді Ерен мұны.

Еренді айтқанда еске түспей қоймайтын тағы бір кейіпкер – Григорий Федосеев деген жазушының кітаптарындағы ізкесуші Улукиткан. Бұл да Дерсу Узаланың өзінше бір түрі. Табиғаттың төл перзенті. Эвенк. Аңшы. Жолсерік. Федосеевтің «Тайгада алабөтен жақсы көретінің не?» деген сұрағына Улукитканның «Көзім көргеннің бәрін, құлағым естігеннің бәрін жақсы көремін» деп жауап қайтаратыны бар. Сол айтқандай, біздің Ерен бауырымыз да табиғатта бәрі тамаша деп санайды, Жаратқанның қолынан шыққан мына дүниеде бәрі де әдемі, сұлу, көркем деп біледі. «Табиғатпен туыстасқан адам бақытты болады» – ардақты ағамыз, жазушы әрі аңшы Қасым Тәукеновтің осы сөзі Ерен өмірінің мәні, мәйегі. Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсап, Алтайды арлы-берлі шарлап жүріп шабыт шақырған қа­лам­гер досымыздың талантының жарқырап ашылуында онымен талай-талай сапар шеккен, аңшы­лыққа да, балықшылыққа да бастап, Мұзтауға дейін бірге көтерілген егерь Ереннің, барам дегеніне барғызып, көрем дегенін көргізген директор Ереннің, былайша айтқанда – Әлібектің Дерсу Узаласының орны бөлекше деп білеміз.

Ерен Жұмағұлов Қатон­қа­рағай ұлттық паркін басқарған жылдарында ол өзінің ақылымен, ұстамдылығымен, іскерлігімен қиналған жұртты тарықтырмай ұстап, бірте-бірте өз күндерін өздері көретін жағдайға жет­кіз­ді. Аудандығынан айрылып қалғанда да қатонқарағайлық­тар азаматтығынан айрылған жоқ. Ел орнында, жер орнында, берекесімен тұра берді. Аудан орталығы да өзге өңірлердегі­дей азып-тозып кеткен жоқ. Ақыры шекаралық өңірлерге деген көзқарас қайта түзеліп, Қатонқарағай ауданы құрылды. Жақында ғана «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» деген дүбірлі атпен тағылымды фес­тиваль өткізілді, оған он бес елден қонақ шақырылды. Әуежай салынып, туризмнің тың тынысы ашылғалы тұр. Бұл жөнінде жақында Алтайға барғаны­мыз­да, аяулы досымыз Дидахмет Әшімхановтың 75 жылдығына арналған оқырмандар конференциясында разылықпен айтқанбыз. Осының бәрінде Ереннің ерен еңбегі, көрсеткен өнегесі жатыр. Содан да туған елі, өскен жері ең бір қиын жылдарда Қатонқарағайдың қасиетін де, байлығын да сақтауға септескен асыл перзентінің атын ардақтап, мерейжасын мерекелегелі жатыр деп естідік. Дұрыс.

Біздің Ерен – ерен Ерен.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ