Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Ақмола облысында ерекше пилоттық жоба іске қосылды. Ел тарихында алғаш рет тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа форматы «Отбасы банкінің» базасында жүзеге асырылуда. Бұл жүйенің алғашқы қадамы жас, қарқынды дамып келе жатқан қала – Косшыдан басталды, деп жазады Egemen.kz.
Президенттің тапсырмасымен «Отбасы банкі» тұрғын үй кезегін бір орталықтан жүргізіп, баспана бөлудің негізгі операторы мәртебесіне ие болды. Енді тұрғындарға жалға берілетін және сатып алу құқығы бар пәтерлерді де, жеңілдетілген несие арқылы ұсынылатын үйлерді де осы банк үлестіреді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, алғашқы кезеңде Косшы қаласының 560 отбасы баспаналы болады. Оның ішінде 261 отбасыға жалға берілетін пәтерлер, ал 110 отбасына несие арқылы берілетін үйлер ұсынылмақ. «Бұл – еліміз үшін тың бастама. Косшы жаңа жүйенің алаңына айналып, мыңдаған отбасыға үйлі болуға жол ашады», – деді өңір басшысы.
Жаңа тұрғын үй кешендерінің ішінде «Ынтымак» ерекше орын алады. Мұнда 549 пәтер қарастырылған, оның ішінде 70-і әлеуметтік осал топтарға берілмек. Сондай-ақ кешен дольщиктердің мәселесін шешуге де ықпал етпек.
«Отбасы банкінің» өкілдері Косшыны пилот ретінде таңдаудың себебін оның даму қарқынымен түсіндіреді. «Бұл қала – жаңашылдық пен өзгерістердің символы. Жаңа тетіктің тиімділігін дәл осы жерде көрсетуге сенімдіміз», – деді банктің Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов.
Косшыдағы өзгерістер тек тұрғын үймен шектелмейді. Қалада газ тарту, таза ауызсумен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа заманауи мектептің іргетасы қаланды. Бұл әлеуметтік нысандар қаланың болашағына серпін бермек.
Айта кетсек, мұндай бастамалар тек Косшыда ғана емес, бүкіл Ақмола облысында қарқынды жүріп жатыр. Соңғы екі жылда өңірде шамамен 4 800 отбасы қоныс тойын тойлаған. Оның ішінде 1 500-ден астамы әлеуметтік осал топтарға жатады. Бұл – соңғы жеті жылда болмаған көрсеткіш.