• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 10:52

Ұлттық жоба аясында өңірлерде жаңа мектептер ашылып жатыр

30 рет
көрсетілді

Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды іске асырылып жатыр. Жоба аясында апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасын түбегейлі шешу көзделген, деп жазады Egemen.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2023-2024 жылдары республикада 422 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл нысандарда 510 мыңға жуық оқушы орнын қамтуға мүмкіндік жасалды. Ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 217 мектеп ашылып, қосымша 460 мыңнан астам оқушы орны дайындалады. Осылайша үш жыл ішінде 927 мың орынға тең білім инфрақұрылымы құрылады.

Әр өңір бойынша да нақты жұмыстар жүріп жатыр. Алматы облысында 2025 жылы 54,6 мың оқушы орнын қамтитын 53 мектептің құрылысы басталды.

Астана қаласында 2025 жылдың соңына дейін 20 жаңа мектеп салынып, 90 мың орындық инфрақұрылым іске қосылады.

Түркістан облысында халық санының қарқынды өсуіне байланысты ең көп жаңа мектеп бой көтеруде – биылдың өзінде 15 нысан ашылып, 18 мыңнан астам оқушы орны берілмек.

Маңғыстау облысында 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде Ақтау қаласында – 2, Жаңаөзенде – 1, ал Бейнеу мен Қарақия аудандарында 3 жаңа білім ошағы салынып жатыр. Жалпы облыста 5,4 мыңнан астам оқушы орны ашылады.

Шығыс Қазақстан облысында 4 мектеп пайдалануға беріліп, 3,2 мың балаға жаңа орын дайындалды.

Бұған қоса, ұлттық жоба тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Үш жыл ішінде республика бойынша 1300 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. 2025 жылы – 262, 2026 жылы – 436, 2027 жылы – 466 мектеп жаңғыртудан өтпек. Бұл қадам ауылдық жерлердегі білім сапасын көтеруге және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.

Жобаның тағы бір бағыты – инклюзивті білімді дамыту және ауыл мектептерін қолдау. 2025 жылдан бастап «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске қосылды. Оның аясында 192 тірек және 759 шағын жинақты мектеп қамтылмақ. Оларда жаңа әдістемелер енгізіліп, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Мамандардың айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстанның білім беру жүйесінде сапалы серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Барлық жаңа мектептер халықаралық стандарттарға сәйкес салынып, пәндік кабинеттермен, спорт және акт залдарымен, зертханалармен, робототехника сыныптарымен, кітапханалармен жабдықталады.

«Бұл – балаларға тең мүмкіндік беріп, сапалы білім алуына жағдай жасайтын стратегиялық қадам. Ұлттық жобаның нәтижесінде Қазақстандағы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі біржола шешіледі», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.