Президенттің әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Арнаулы мемлекеттік қордан Батыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау бойынша 11 жобаны жүзеге асыруға 5,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.
4,3 млрд теңге көлеміндегі қаржыландырудың негізгі сомасы 9 нысанға бөлінетін болады.
1,8 млрд теңге 1,7 мыңнан астам тұрғыны бар Қаратөбе ауданының Төлен, Сәуле және Қарақамыс елді мекендеріне жаңа тармақ салу арқылы сумен жабдықтаудың магистралды жүйелерін салуға; 2,5 млрд теңге Теректі, Қаратөбе аудандарының 8 ауылында, сондай-ақ Бәйтерек ауданында сумен жабдықтау желілерін салуға бағытталды.Сонымен қатар бұған дейін Бәйтерек ауданының Кирсанов ауылын сумен қамтуға және Жәнібек ауданындағы Урдин топтық су құбырын қайта құруға 1,2 млрд теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда бұл жобалардың 60%-ы орындалған.
Аталған шаралар Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, Батыс Қазақстан облысында қазір сумен қамту деңгейі қалаларда – 100%, ауылдық елді мекендерде – 97% болып отыр.
Бүгінгі күні Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 400-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына 375 млрд теңге бөлінген. Олардың қатарында мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, сумен жабдықтау инфрақұрылымы және басқа да нысандар бар. Соның ішінде 44 нысан толық аяқталып, пайдалануға берілген.