Биыл елімізде 3025 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестациядан өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2025 жылдың алғашқы алты айында аумақтық департаменттер 1170 мекемеде аттестация жүргізіп үлгерген. Тексеру барысында оқу үдерісінің мемлекеттік стандарттарға және біліктілік талаптарына сәйкестігі бағаланып, проблемалық тұстар анықталған.
«Өткен жылы Комитет пен оның аумақтық департаменттері 2487 білім беру ұйымында түрлі тексерулер жүргізді, оның ішінде мемлекеттік аттестаттау, профилактикалық бақылау, шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижесінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының уақтылы аяқталмауы, мектептердің материалдық-техникалық базасының талапқа сай қамтамасыз етілмеуі фактілері анықталды», деп атап өтті Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров.
Ведомство өкілдері бақылау жұмыстарының басты мақсаты – білім сапасын көтеру әрі педагогтердің құқықтарын қорғау екенін атап өтті.