• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 15:15

Президент: Абай облысында АЭС салу перспективасын ескеру керек

20 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қазір жер қойнауын игерушілер өз табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөліп жатқанына мән берді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

«Бұл – салық емес, оны еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосу деп түсінген жөн. Үкімет осы қаражаттың бір орталықтан үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Атом саласын зерттейтін ғылыми қалашықтар құруға ерекше назар аудару қажет. Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, институттың әлеуеті жоғары. Еліміздің жаңа ғылыми қалашығын осы мекеменің негізінде құруға болады», деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, сонымен қатар мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс. «Бұл осыған ұқсас басқа да жобаларға қатысты. Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. Аталған жұмысқа Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық атсалысқаны жөн. Онда инженерлік және өндірістік нысандарды орналастыру үшін жағдай жасау керек. Сонымен қатар ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тиімді тетіктерін әзірлеу міндеті тұр», деді Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық медицинаны дамытудың өте маңызды бағыт екенін атап өтті.

«Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға болады. Бұл, әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктеріне жол ашады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет», деді Мемлекет басшысы.