Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, бұл жаңалық әсіресе шалғай ауылдарда тұратын әйелдерге маңызды. Пансионат қызметі акушерлік патологиясы бар, проблемалық жүктілікті бастан кешіріп жатқан болашақ аналардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Мұнда тәулік бойы медициналық бақылау жүргізіледі.
«Өткен жыл перинаталдық орталықтың жаңару кезеңі болды. Симуляциялық орталық ашылып, осы реновация аясында пансионат іске қосылды. Қажет болған жағдайда оны кеңейту де жоспарланған. Сонымен қатар перинаталдық орталықта әйелдер консультациясы іске қосылып, репродуктолог, уролог, эндокринолог, өзге де мамандар қабылдай бастады. Бұл болашақ аналарға көрсетілетін көмектің сапасын арттырады», деп хабарлады басқармадан.
Перинаталдық орталық – қатерлі топтағы жүкті әйелдерге босану үстіндегі, босанғаннан кейінгі кезеңде жоғары маманданған акушерлік-гинекологиялық, неонатологиялық көмек көрсететін, сонымен қатар шала туған нәрестеге күтім жасайтын еліміздегі ең ірі мекеменің бірі. Кез келген операция жасалады. Мұнда ауруы асқынған, іштегі сәбиінің патологиялық белгілері бар аналар үзбей түсіп жатады. Олардың барлығына көмек көрсету, жанына сүйеу болу, өзінің және сәбиінің өміріне араша түсу – дәрігерлердің күнделікті жұмысының басты миссиясы. Мамандардың айтуынша, ана бойындағы түрлі акушерлік ауытқулар мен аурулар кезінде операция жасау – ең қиын үдеріс. Мұндай кезеңде ананың жатырымен байланысты ішкі ағзаларын сақтап қалуға көбірек көңіл бөлінеді. Іштегі сәбидің ұрықжолдасы көп жағдайда өзге мүшелерге, жатырға жабысып қалатыны бар. Кесарь тілігі арқылы жасалатын операция жасау сәтінде дәрігерлер ағзаның өзге мүшелеріне мейлінше зақым келмеуін қадағалайды. Мұндай күрделі әрі ауыр операцияларды перинаталдық орталық мамандары кейінгі 16 жылда үзбей жасап жүр.
Жалпы, 2008 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша салмағы 500 грамм болатын балаларды босандырып алу нормасы қабылданған. Яғни ана мен баланың денсаулығына қауіп төніп тұрса, жүктіліктің 22 аптасынан бастап босандырып алады. Павлодардағы орталықта 2019 жылы салмағы 470 грамм болатын сәбиді аман-есен дүниеге әкелген.
«Ол бала қазір аман-есен, өз қатарластарын әлдеқашан қуып жетті. Ең бастысы – сәбиді тірі алып қалу», дейді дәрігерлер.
Медицина қызметкерлерінің міндеті – ана мен сәбидің өмірін барынша аман алып қалуға тырысу. Ана жүктілік кезеңінде барлық факторды есепке алып, дәрігер мамандардың бақылауында болуы керек. Мамандардың ақыл-кеңесіне үнемі құлақ түріп, ықтимал қауіпті жайттардың алдын алып отырса, өмірге дені сау сәби әкелудің мүмкіндігі арта түседі.
Павлодар облысы