• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:12

Энергетикалық тәуелсіздікке жүйелі бетбұрыс

0 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оған Президент Әкімшілігі, Үкімет аппараты өкілдері, Парламент депутаттары, Энергетика министрлігінің басшылығы, ұлттық компаниялар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар қатысты.

Роман Скляр өз сөзінде алдағы республикалық референдум мемле­кеттік даму негіздерін жаңартудың маңызды кезеңін белгілейтінін атап өтті. Кең қоғамдық пікірталас барысында қалыптасқан негізгі заң жобасы мемлекеттік институттардың жауапкершілігінің жоғары стандарттарын белгілейді.

«Энергетикалық қауіпсіздік және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану салалық міндеттерге ғана емес, сонымен қатар ел дамуының жаңа конституциялық моделінің элементтеріне айналып келеді. Бұл жағдайда негізінен шикізат моделінен терең өңдеуге және жоғары қосылған құнды құруға көшу қажет», деді Р.Скляр.

Роман Скляр энергетика және мұнай-газ саласындағы жұмыстың басым бағыттарын белгіледі. Негізгі міндеттер – геологиялық барлауды дамыту, көмірсутектердің ресурстық базасын толықтыру, отандық құрамның үлесін ұлғайту, сондай-ақ мұнай өңдеуді күшей­ту. Осыған байланысты жаңа мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) құрылысының тех­ни­калық-экономикалық негіз­демесін әзірлеуге және жұ­мыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге кірісу міндеттелді.

Атырау облысында полиэтилен зауытын салу, Павлодарда алкилат өндіру жөніндегі жобалар, сондай-ақ қайта өңдеу мен энергетикалық тәуелсіздіктің орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заң жобасын қабылдау ерекше бақылауда тұр.

Энергиялық ресурстарға артып келе жатқан сұранысты жабу мақсатында биыл қуат­тылығы 1 млрд текше метр болатын Қашағандағы МӨЗ-ді іске қосу, Жаңаөзендегі МӨЗ құрылысын 2027 жылдың со­ңына дейін аяқтау және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісінің жүзеге асырылуын қадағалау міндеті қойылды.

Сондай-ақ Түркістандағы бу-газ қондырғысы жобаларын аяқтауды, Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті жаңғыртуды, сондай-ақ Батыс энергетикалық аймағын елдің бірың­ғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіруді қоса алғанда, жаңа генерациялаушы қуаттарды жедел енгізуге және жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғыртуға баса назар аударылды.

Көмір генерациясын дамыту, энергия нысандарының цифрлық егіздерін енгізу арқылы саланы трансформация­лау, мұнай базаларын мұнай өнім­дерінің көлеңкелі айналымын болдырмау мақсатында бірыңғай жүйеге интеграциялай отырып, есептеу аспаптарымен жарақтандыру жөніндегі Ұлттық жобаға ерекше мән берілді.

Жиынды қорытындылай келе Роман Скляр Энергетика министрлігі күш-жігерді елдің энер­гетикалық тәуелсіз­дігін қамтамасыз етуге, инвес­тициялық жобалардың жүзеге асырылуын қатаң бақы­лау қажеттілігіне жұмылдыруы қажет екенін атап өтті. Өйткені отын-энергетикалық кешенді дамыту – мемлекеттің жаңа экономикалық үлгісінің негізі саналады.