Ақмола облысы Қосшы қаласының №750 референдум учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері Әжітаев Нұрқасым өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қарт жауынгер алдымен ақ батасын берді. Нұрғасым Әжітайұлы 1925 жылы 1 қаңтарда Семей облысы Абралы ауданының Сарықамыс деген жерінде дүниеге келген екен. Әскер қатарына 1943-інші жылы қаңтар айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатынан аттаныпты. Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік бітірген.
Есік қаласындағы референдум учаскесіне «Алтын адам» келді
Мерген Маршал Малиновскийдің қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысады. 1945-інші жылы тамыз бен қыркүйек айларында Жапониямен соғысатын жауынгерлерге ілесіп, 293-інші атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанған. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, ажал аңсаған оқ қарша борап тұрған майдан даласынан аман келген. Бірнеше мәрте кескілескен ұрыста құралайды көзге атқан мергендігі үшін марапатталған. Соғыстан кейін Читадағы училищеде сабақ беріп, жас жауынгерлерді әскери қызметке баулиды. Әскери әуе ұшақтарында моторист болып та еңбек еткен.
Алматының Наурызбай ауданындағы референдум учаскесіне батырлар келді
Қазақ даласына араға сегіз жыл салып қана, яки 1951 жылы оралған. Нұрзиләт Құсайынқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде жеті баласынан он немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.
Қосшы қаласы,
Ақмола облысы