Облыс орталығындағы №24 референдум учаскесі есігін айқара ашқан кезде келдік. Осы жерде ел ағасы, білім саласының ардагері Телман Мұқышев ақсақалды жолықтырдық. 85-тегі ағамыз сергек.
– Бүгін ел болашағын айқындайтын күн болғандықтан, өз даусымды беруді ұйғардым. Бұл – біздің міндетіміз. Негізінде аға буын мұндай шаруаларға белсене араласып отырады, – дейді Телман Шәріпұлы.
Ақсақал аузын жиып болғанша 80-нен асқан Виктория Мұхамеджанова да келе қалды. Екеуі де әрдайым ел болашағына алаңдап жүретін, өздерінің жүрек қалауларын бүкпесіз жеткізетін жандар екендерін түйсіндік.
Дауыс беру учаскесіне келушілер саны сәт сайын арта бастады. Таңғы сағат 8.00-ден аса 68 адам дауыс беріп үлгерді. Учаскеге тіркелген мүмкіндігі шектеулі 15 адам бар екен. Олардың үшеуі үйлерінде дауыс береді.
Өңірдегі дауыс беру учаскелерінде «Тосын қошемет» деп аталатын әдеттен тыс акция өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – дауыс беруге келген адамдардың көңіл күйін көтеру. Акция шеңберінде дауыс беруге келгендер әлдебір тілек жазылған қағаздарды қалауынша суырып алады. Мұндай акция өңірдің Бұланды, Ақкөл, Атбасар, Егіндікөл аудандарында ұйымдастырылды.
Макинск қаласының тұрғыны Лариса Соколова референдум учаскесіне бірінші болып келіп, ақжарма тілекке ие болса, Қосшы қаласының №750 референдум учаскесінде соғыс ардагері Нұрқасым Әжітаев өз таңдауын жасады. Нұрқасым ақсақал – маршал Малиновскийдің қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысқан жауынгер. 1945 жылы тамыз бен қыркүйек айларында Жапониямен соғысатын жауынгерлерге ілесіп, 293-атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанған. Туған жерге араға сегіз жыл салып, 1951 жылы оралған. Нұрзиләт Құсайынқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде жеті баласынан он немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.
Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет үйінде өзгеше көрініс ел назарын аударды. Ертегі кейіпкерлерінің киімін киген кәсіби аниматорлар дауыс беруге келіпті. Тілдескенімізде олар кәсіби жұмыстары мен азаматтық борыштарын ұштастыра отырып, көпшіліктің көңілін көтеруге ниеттенгенін айтты.
– Референдум – өте маңызды уақиға. Дауыс беруге келгендер ел болашағын айқындауға таңдау жасай отырып, бір серпіліп қалсын деп ойладық. Ал біздің костюмдеріміз аса маңызды іске ешбір бөгет етпейді, – дейді Эльза бейнесіндегі аниматор.
Референдум комиссиясы мүшелерінің пікірінше, мұндай бастамалар еш тәртіпті бұзбайды, керісінше дауыс берушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Ақмола облысы