22 Қыркүйек, 2016

Тігін цехындағы табысты тірлік

1147 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
dms_0475Бүгінгі кезге дейін елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы кенжелеп қалды деген пікір қалыптасып келген болатын. Әйтсе де, қазіргі күні өндірістің бұл түрі еңсесін тіктей бастағанын көреміз. Кәне, ой таразысына салып көрейікші?! Айталық жеңіл өнеркәсіптің ең бас­ты көрсеткіші – киім-кешек тігу ісін жолға қою үшін үлкен фабрика ашу міндеті бола қояр ма екен?! Әрине, тіпті де мұндай қажеттілік жоқ. Керісінше, бұл бағыт шағын жеке кәсіпкерлікті дамытуға өте ың­ғайлы екені байқалады. Бір сүйсі­нерлік жағдай, Орал қала­сында осы орайдағы шағын кәсіп­кер­лік ны­сандары жауыннан ке­йінгі саңы­рауқұлақтай көктей дүркіреп өсіп келеді. Сондай кәсіпорындардың бірі, тіпті бірі емес-ау бірегейі – «Тужилкин А.Б.» жеке кәсіпкерлігі деуге болады. Бүгінде елімізде «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағ­дар­­ламасының шапағаты мен игі­лігін көріп отырған шағын, орта әрі ірі бизнес иелері жеткілікті. Бір сөз­бен айтқанда, бұл ауқымы өте жоға­ры бағдарлама. Киім-кешек тігу­ді мақсат еткен жергілікті жеке кәсіп иелері де осы бағдарлама шең­­берін­дегі қолдау-көмектің игі­лі­гін көре бастады. Оның бұл тар­мағы «Даму-Өндіріс» деп аталады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жеке кәсіп­керлік субъектілерін қолдау бағ­дар­ламасы болып табылады. Бүгін­гі материалымызға арқау болып тартылған шағын нысан иел­ері осын­дай қаржылай көмектің арқа­сын­да тек соңғы бір жылдың ішінде өнім көлемін әжептәуір өсіруге қол жеткізді. Тігін цехы арнайы киім тігуге маманданған. Бұған қоса тенттер мен брезент жабындар да тігіледі. Сонымен қатар, әскерилер мен күзет қызметіндегілерге арналған киімдерге арнайы логотиптер мен жапсырмалар салынады. Оны тігін цехының шеберлері сәндеп өр­нектейді. Компания өз өнімдерін об­лыс аумағында өткізеді. Негізгі серік­тестері бюджеттік ұйымдар мен жеке тұлғалар болып табылады. Бұл жөнінде газет тілшісіне «Тужилкин А.Б» жеке кәсіпкерлі­гінің менеджері Татьяна Шевцова өз ой-пікірін былайша жеткізді. – 2015 жылы ақпан айында аймақтық үйлестіру кеңесі жеке кәсіп­керліктің «Даму-Өндіріс» бағ­дарламасы бойынша алты пайыз­­дық жеңілдікпен несиелеуді көздейтін жобаны мақұлдады. Біз осы жобаға қатысқанды жөн көрдік. Сөйтіп, несиелік қаражатқа үлкен ателье ашу үшін ғимарат, сонымен қатар цех пен ательеге қажетті құрал-жаб­дықтар сатып алынды. Бұған қоса киім пішу үстелі мен тігін машиналары сатып алынып, орнатылды. Бүгінде Оралдың екінші шағын ауданында орналасқан мекен-жайдағы жаңа тігін цехында Оң­түстік Корея өндірісшілерінен шық­қан лазерлі өрнек салу машинасы жұмыс істеп тұр. Бұл техниканың көмегімен көйлек-көншектер кестеленіп әдеміленеді. Бұған қоса қажетті пішіндегі ою-өр­нектер жасалады. Жобаны жүзеге асыру мақсатында ондаған жаңа жұмыс орындары құрылған. Тігін цехындағы мамандардың көңіл күйі жоғары. Біз олармен тілдескен кезімізде тігінші бригадир Айман Сауытова былайша пікір білдірді. – Жеке кәсіпкерлік цехында тігінші болып еңбек етудемін. Тапсырыстардың түсуіне қарай арнайы киімдер тігеміз. Жалақымыз тындырған ісімізге байланысты тұрақты түрде төленеді. Зейнетақы қорының аударымдары жөнінде де осылай дей аламын. Мұндағы жұмысым өзіме ұнайды. Ұжым мен басшылық арасында түсіністік пен өзара келісім қалыптасқан. Міне, осылайша Оралдағы жаңа тігін цехтардың бірі қызу жұмыс үстінде. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ