24 Қыркүйек, 2016

Діни экстремизммен күрес – дінмен тайталасу емес

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолы «Тұран» уни­вер­сите­тінің мәжіліс залына жиналған кеңес мүшелері қо­ғамдық талқылауға түсіп жатқан «Терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес» туралы заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты пікір алмасты. Жиын­ға Алматы қаласындағы ме­шіттердің имамдары мен Қа­зақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері шақы­рылды. – Соңғы кездері орын алып жатқан оқиғалар қоғамды бейжай қалдырмайтыны анық. Өйт­кені, тыныштығымыз бұзыла жаздады. Бейбіт тұрғындар мен тәртіп сақшыларына қарсы оқ атылды. Бұл – терроризм атты тажал­дың тырнағы біздің елімізге де қанды ізін сала бастады деген сөз. Бұдан әрі қол қусырып отыруға болмайды. Сол себептен де еліміздегі бірқатар заң­дар қайта қаралып, өзгертіледі. Және бұл енгізілетін өзгертулер қоғамдағы мәселелерді зерт­теп, мамандармен ақылдаса отырып жасалмақшы. Біздің қоғамдық кеңестің міндеті – тақырыпқа үн қосып қана қоймай, нақты ұсыныстарды жинап, екшеп алу, – деді қоғамдық кеңес төр­ағасы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Рах­ман Алшанов жиын барысында. Қоғамдық талқылау барысында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылауға елінің, ұрпағының болашағына бейжай қара­майтын әрбір азамат мүдделі болуы керектігін айтты. «Тер­роризм мен діни экстремизмге қарсы күрес туралы заңды талқылау тек Мәжіліс депутаттары мен арнайы қызмет­тің ғана жұмысы емес. Бұл – менің, сенің, бәріміздің азамат­тық парызымыз. Тер­роризм мен діннің атын жамыл­ған лаңкестік қаупіне «Е, менен аулақ...» деп салғырт қа­рай­тын болсақ, үйімізден де, елімізден де береке кетеді. Әрі бұл заңды қабылдау барысында біржақтылық орын алмауы тиіс. Бұл тек күштік құрылымдардың қызметін нақтылап, қосымша құқық беруші құжат емес, қоғамдық сананы ағартушы, алдын алушы, сауықтырушы, қысқасы адамдардың мүддесін көздейтін заң болуы тиіс. Сон­да ғана лаңкестікпен күрес нәтижелі болады. Ол үшін мамандардың, әсіресе дін сала­сының өкілдерінің пікірі, білімі ауадай қажет» дейді саясаттанушы. Дәл осындай пікірді Ал­маты қаласының бас имамы Нұрбек қажы Есмағам­бет те қуаттайды. «Діни экстре­мизммен күрес туралы заң­ның қабылданғаны, қатайтылғаны дұрыс. Еліміз­дің қауіпсіздігінен қымбат ешнәрсе жоқ. Сол сияқты діні­міздің қауіпсіздігін де қорғауымыз керек. Тек осы діни экстремизммен күресу құралдары дінмен күресуге бағытталып кетпеуі керек. Терроризммен күресуге бі­лектің күші ғана емес, білім­нің қуатын да қолданайық. Қабылданатын заңда осы мә­селе нақты көрініс табады деп сенеміз. Бұл тұрғыдағы нақты ұсыныстарымызды қоғамдық кеңеске ұсындық. Сол сияқты қоғамдағы имамдардың статусын анықтау мәселесі өткір тұр. Себебі, дін мемлекеттен бөлек болғанымен, зайырлы қоғам өкілдері үшін мешіт құлшылық ететін жер ғана емес, тәрбие ошағы іспетті. Жалпы, елімізге Діни бірлестіктер туралы заңды да қайта қарап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да мәртебесін нақтылайтын кез жетті. Дін – бұлжымайтын қағидалардың киелі жиынтығы болғанымен, жамағатты имандылық жолына шақырудағы жұмыстарға жаңашылдық керек...», – дейді қаланың бас имамы. Қоғамдық кеңесте айтылған ордалы ойлар ұсыныс ретінде қабылданып, тиісті деңгейдегі жұмыс комиссияларына жолданатын болды.  Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ