27 Қыркүйек, 2016

Қарағандыда жаңа нан зауыты ашылады

567 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
nan-1Өндірістік қуаты тәулігіне 80 тоннаға жететін жаңа кәсіпорын облыс орталығының тұрғындарын ғана емес, серіктес қалаларды да нан-тоқаш өнімдерімен толықтай қамтамасыз ететін болады. «Даму» қорының қолдауы­мен салынып жатқан жаңа кә­сіп­орынның іргетасы биылғы жылдың сәуір айында қаланған болатын. Соған қарамастан, жұмыс қарқынды жүріп, бүгін­гі күнде құрылысшылар іш­кі әрлеу-өңдеу жұмыстарын аяқ­­­­тауға жақындап, құрал-жабдықтарды орнатып жатыр. Жабдық демекші, оның бар­лығы Еуропаның ең үздік зауыттарынан жеткізіліпті. Бәрі бірдей шетелдікі деп айтуға тағы болмас, ғимаратты салуға кеткен құрылыс материал­да­рының түгелі өзімізде жа­сал­ған отандық өнімдер екен. Мұны бізге «Сарыарқа Нан Қара­ғанды» ЖСШ бас директоры Валентин Каракалюк айтып берді. – Мен, – дейді В.Каракалюк, – қалада шығарылатын нан өнімдерінің түгелінің дәмін таттым. Дәл қазір бұлардың бә­рінен де дәмді нан пісіреміз деп сеніммен айта аламын... Жаңа зауытта қалыпты нан және батон шығаратын автоматты екі жүйе болмақ. Та­ғы екеуі бөлке нан мен тоқаш пі­сіруге арналады. Сонымен қатар, кондитер және қабаттама цехтары да салынуда. Зауыт басшыларының айтуынша, жаңа кәсіпорын конвейерінен шыққан өнімдердің баға­сы басқа өндірушілердікінен жо­ғары болмайды. Ал сапа жа­ғынан келгенде, мақсат – бә­се­келестерді басып озу. Бұл игі істің жүзеге асырылуын за­уыттағы арнайы зертхана қатаң түрде қадағалап отырады. Нан зауыты іске қосыл­ған кезде мұнда 400-ден ас­там адам еңбек ететін бола­ды. Қа­зірдің өзінде сыннан сүрінбей өткен наубайханашылар  жұмысқа алынып жатыр. Тілек білдіргендердің көп­тігіне қарағанда, кәсіп­орын­­­ның жұмысшы кадр­дан тарықпайтыны бесене­ден бел­гілі. Жұмысқа қабылдан­ған қызметкерлерді жаңа қон­дыр­ғылардың тілін білуге тә­жірибелі технологтар мен ин­женерлер оқытатын көрінеді. Қызмет көрсету саласы­на келсек, қазіргі талаптың бірі – тұтынушы нанды буы бұр­қыраған ыстық күйінде алғанды қалайды. Яғни, таң атар-атпастан пештен жаңа ғана шыққан нан дүкен сөрелерінде тұруы керек. Сондықтан да мұнда өн­дірістің дамуы өз алдына, өнімді жеткізу мен өткізу­ге де баса көңіл бөлінген. Бас ди­ректордың айтуынша, нан-тоқаш өнімдерінің сатылымда жоғары нәтижеге жетуіне логистиканың ықпалы зор бол­мақшы. Сондықтан зауыт жанынан жөнелтім ай­мағы салынып, жеке көлік це­хы құрылған. Оның құ­рамы Қазақстанда жасап шы­ғарылған 57 жаңа нан тасушы автомобиль­ден тұрады. Бұдан бөлек, зауыттың өз мен­шігіндегі тұ­рақты дүкендер желісі де салынбақшы. Тек қа­на зауыт өнімдерін сататын бұл сауда нүктелерінің саны 47-ге жеткізіледі. Олардың әрқай­сысының аумағы 30 шаршы метрді құрайтын болады деп жос­парланған. Жаңа зауыттың отыз жылдан бері нан пісіру сала­сында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшысының пайым­дауынша, адамдар ылғи да өздерінің ата-анасы жеген нан өнімдерін тұтынуға бейілді болып тұрады екен. Дегенмен, қазақстандық наубайханашылар қолданып жүрген ескі рецепттерді бірте-бірте жаңа технологиялармен алмастыру басым бағытта­ғы шаруалардың бірі болып отыр. Мысалы, зауыттағы ұн қап­­талмаған әдіс бойынша сақ­талмақ. Ұн сақтайтын қойманың қабырғасы тат бас­пайтын болаттан жасалған. Мұндай қоймалар бүкіл Еуро­паның өзінде бірді-екілі жерде ғана кездеседі екен. Нанның дәмді болып пісуі ұнына да байланыс­ты. Жа­ңа зауытқа ұн жеткізушілер қазір­­дің өзінде белгілі. Олар­дың барлығы да жергілікті астық өндірушілер. Таңдаудың бұ­лайша түсуі де тегін емес. Не­ге десеңіз, Орталық Қазақ­станда өсірілетін қатты бидай сұрыбы кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі наубайхана­шылар арасында жоғары сұра­нысқа ие екен. Бабына жетпеген ашыт­қысыз нанның дәмі татып алғы­сыз болады. Сондықтан да жаңа кәсіпорын ашыту бөлі­мінің жұмысына ерекше мән бермекші. Бұл жерде Франциядан әкелінетін ашытқы дақылдары негізінде ашытылған сүт өнімдері ашыт­қысы пайдаланылатын қамыр сақталатын болады. Жалпы, соңғы жылдары об­лыста нан және нан-то­қаш өнімдерін шығаратын кә­сіпорындарға деген көзқарас ерекше. Мысалы, былтыр Балқаш қаласында да 140-қа таяу адамды жұмыспен қам­­­­тыған жаңа нан зауыты салынған болатын. Қысқа ғана уақыт ішінде бой көтерген, заманауи талаптарға сай бұл кәсіпорынның бүгінде 60-тан астам аса сапалы нан өнімдерін шығарып, жұрттың ыстық ықы­ласына бөлініп отырғаны белгілі. Бәрін айт та, бірін айт, Ар­қа өңірі тұрғындарының ақ дас­тарқанынан бүгінгі талап­қа сай технологиямен пісірілген, дәмі тіл үйіретін  нан-тоқаш өнім­­дерінің үзілмейтіндігі қуантады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ