27 Қыркүйек, 2016

Әуезовтің «Қилы заманы» қайта қойылды

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
bal_1463Елордадағы Жастар театрында Жамбыл облыстық қазақ драма театры көрерменге Мұхтар Əуезовтің "Қилы заман" повесін жаңа қойылымда ұсынды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов сахналаған шығарма желісінің ерекшелігі – тарихи шындыққа, архивтік деректерге құрылуында. Қойы­лым­­ның тарихы туралы, бүкіл Ұлы Даланың тамырын бүл­кілдеткен көтерілістің Жеті­судағы бір ошағы жайында Нұрлан Оразалин қысқаша баяндай келіп: «Халқымыздың азаттыққа деген құштарлығын жырлаған шығарманы Мұхаң небәрі отызға жетер-жетпес жасында жазып, екі жылдан соң түрмеге қамалған болатын», – деді. Жазушы спектакльдің алғашқы нұсқасы 1987 жылы жарық көруі тиіс болғанын, алайда, режис­сер Қадыр Жет­пісбаев сах­налаған туын­дыға рұқсат етілмей, тоқ­татыл­ғанын айтты. «Ал енді кейін оның жа­рық көруіне кеңес сая­саты қа­лай рұқсат етті десек, 1972 жылы Шыңғыс Айтматов «Новый мир» журналында өзі шығармаға алғысөз жазып, «бұл әлемдік жауһарларға талассыз қосы­латын, баяндау үлгісі, таби­ғаты бөлек өте құнды туын­ды» деген баға беріп, ұстаз алдындағы шәкірттік мін­де­тін орындады. Сондағы адам­дар­дың ұрпағы қазір залда отыр. Соның бірі мен өзіммін. Менің бабаларым осы Қарқара түрмесінде атылған кісілер... Ал мына спектакль Тәңіртаудың етегін­дегі қанды оқиғаның куәсі болған қыршындардың рух­ын жаңғыртып, 1997 жылы қайта түле­ді. Ол уақытта туындыны Әу­бәкір Рахимов сахналады. Одан бері арада 20 жылға жуық уақыт өткеніне қара­мас­тан, бұған ат ізін салған театр ұ­жымы болған емес. Міне, енді Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланатын қарсаңда мұны бізге тараздық театр тарту етіп отыр», – деді. Спектакльдің декорация­сы, яғни мұндағы барлық оқи­ға­ның киіз үй үлгісіндегі шаңырақта өрбуі, өршіл рухы, отты, жалынды динамикасы ұнады. Бұл жерде қазақтың киіз үйі символикалық рөл атқарады. Осы арқылы бүкіл қазақ даласындағы жағдай баян­далды. Тарихи туындының бүгінгі қоғам идеясымен тұтас­қан ұлттық мұраты жігер­лен­діреді. Қойылым соңында экран арқылы Алаш ардақтылары мен Желтоқсан көтерілісіне қаты­сушы жас боздақтар бейнесінің көрініс табуы еркіндік жырын шарықтата көтеретін сәтті деталь еді. Автор мен режиссердің өзара түйсік-түсінігі қалтқысыз қабысып, межелеген мұратқа қапысыз жеткен деуге толық негіз бар. * * * Тәуелсіздік мерекесіне орай Жамбыл облыстық театрлары мұнан да басқа рухани тартулар, мәселен, облыстық қазақ драма театры М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклін, Жамбыл облыстық орыс драма театры С.Маршактың «Марғаудың үйі» ертегісін, Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалап жүгірген тар­ғыл төбет», Ф.Буляковтың «Күйеуге шыққан кемпірлер» қо­йы­лым­дарын алып келді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»