27 Қыркүйек, 2016

Өңірді өркендетудің бес бағыты

313 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
dsc_9645Халықтың әлеуметтік жағдайын, әсіресе, ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін түзеу үшін не істеген жөн? Әлбетте, бірінші кезекте жұртты жұмыспен қамту ләзім. Ал, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлу қажет екендігі айдан анық. Мұны Елбасымыз талай рет айтты. Күні кеше Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы және стратегиялық даму міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін үш міндетті атады. Соның алғашқысы – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Елбасы «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін осы саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту және әртараптандыру, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, өндірушілер үшін бірінші кезекте ұзақ мерзімді қолжетімді несие беру, қызмет көрсету-дайындау кооперативтері мен өнімді өңдеу, сақтау мен өткізу инфрақұрылымын құру қажеттігіне баса тоқталды. «Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізуі тиіс», деді Президент. Елбасының осы айтқан мәселелеріне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында үлгі боларлықтай игі істер бар. Біздің аймақта ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін аграрлық секторды реформалаудың бес бағытын бес жылда жүзеге асыру қолға алынып отыр. Бірінші бағыт – облыстағы суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, көлемін ұлғайту. Бұл мақсатта биыл 531 шақырымдық 46 су нысанына облыстық бюджеттен 3,9 миллиард теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда 30 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарып, 1,5 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ислам даму банкімен жерасты суларының деңгейін төмендетуге бағытталған жобаларды жасақтауда. Аталған жұмыстар нәтижесінде Мақтаарал ауданында – 210, Шардара ауданында 302 тік дренажды ұңғыма қайта құрылмақ. Нәтижесінде Мақтааралда 37059 гектар, Шардарада 64315 гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. Ал Отырар ауданында Еуропа Қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландыру бағытында ауқымды екі жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Оның алғашқысы – Шәуілдір алқабындағы ішкі коллекторлық дренаж жүйелерді қайта құрудың нәтижесінде 12,0 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға қол жетеді. Екіншісі – Отырарда суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін және 5 мың гектар жаңадан суармалы жер қосу мақсатында «Сырдария – Арыс» каналын қайта құру жұмыстары. Сондай-ақ, Дүниежүзілік даму банкінің қаржыландыруымен ИДЖЖ-2 бағдарламасы арқылы Мақтаарал ауданында – 39757, Шардара ауданында – 20630, Түркістан қаласында 10000 гектардың суару жүйелерін қайта жаңарту және қайта құру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда, Австралияның «SMEG» фирмасы аталған бағдарламаға жобалау жұмыстарын жүргізуде. Екінші бағыт – шаруаларды қаржылық қолдау. Расын айту керек, қанша жерден талпынсаңыз да, қолыңызда жеткілікті қаражатыңыз болмаса, алдыңызға қойған мақсатқа жетуіңіз екіталай. Осы орайда биыл фермерлерге берілетін қаржылық қолдаулардың көлемі біршама ұлғайтылды. Бір ғана «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы бұл салаға биыл 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 45 пайызға көп. Яғни, төменгі пайызбен берілетін несиелердің көлемі артып, екі есеге жуықтады. Енді тек қолынан іс келетін оңтүстікқазақстандықтар қолжетімді қаражатты тиімді пайдаланып, жерді дұрыс игерсе, мол табысқа кенелмек. Үшінші бағыт – ауылдық округте кооперативтер құрып, онда машина-трактор стансалар ашу. Кешегі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы: «Өзін өзі жұмыспен қамтитындардың 60 пайызы ауылда тұрады. Осыған байланыс­ты, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында біз 5 өңірде қанатқақты режімде «Ауылдағы жұмыс орны» жаңа жобасын іске асыруды бастадық. Оған 10 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. Тиісті «Кооперациялар туралы» Заң қабылданды. Енді жер-жерлерде үлкен ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстары күтіп тұр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырамын» деген болатын. Бұл ретте оңтүстік өңірде үлгі ретінде көрсететіндей жұмыстар бар. Қазір әр ауданда кемінде екі МТС жұмыс істеп тұр. Ірілендіру мен оңтайландырудың бұл тәсілі еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тауып, өзге облыстарға да үлгі-өнеге ретінде таратылды. Биылдың өзінде бес облыстың басшылары мен мамандары оңтүстікке тәжірибе алмасуға келіп, кооператив құрудың тиімділігіне көз жеткізіп қайтты. Бұл – облыстың ғана емес, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа серпіліс. Төртінші бағыт – ауылшаруашылық саласына ғылым жетістіктерін көптеп енгізу. Өйткені, қай саланы болсын ғылымсыз ілгерілету мүмкін емес. Бұл бұрын айтылғанымен, жүзеге аспай жүрген негізгі мәселелердің бірі болатын. Ол үшін адамдардың барлығы бірдей ғылыммен шұғылдануы тиіс те емес. Тек ғылыми жетістіктерден уақтылы хабардар болып, шаруасына соңғы технологияны енгізе білсе болғаны. Оларға ең қажеті – консультациялық көмек. Өйткені, талай адам кредитке алған қомақты қаржысын қайда жұмсарын білмей, қолдағы барын ұқсата алмай, еліміздегі екінші деңгейлі банктерге басыбайлы қарыз болып қалғанын күнделікті өмірде аз кездестіріп жүргеніміз жоқ. Жобалау мен жоспарлаудың жоқтығы құрдымға апаратынын енді-енді түсіне бастағандаймыз. Өткен күндердің өзекті өртер өкініштерін қайта болдырмас үшін бұл бағытта ісіңізді жүйелеп, кәсібіңізді кемелдендіруге кеңес беретін орталықтар қажет-ақ. Оның үстіне облыс орталықтарында көп айтылатын мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын ауылдағы шаруалар толық пайдалана алмауда. Өйткені, жұрттың бәрі білетіндей көрінетін мемлекеттік қолдаулардан тұрғындар бейхабар. Халыққа Үкімет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды айтып қана қоймай түсіндіріп, жөн сілтеп, білгенімізді айтуға тиіспіз. Ол үшін шаруаларға қалаған уақытта кеңес бере алатын орталықтар әрбір ауданда, ірі елді мекендерде болса деуші едік. Ойлағанымыз бүгінде облыста жүзеге асып жатыр. Өңірдегі әрбір ауданның ерекшеліктеріне сай сол аймақтардағы кәсіпкерлік мектептерінің базасында фермерлерге ғылыми консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашылды. Елді барынша ақпараттандыру ауыл шаруашылығын қолдаудың тиімді тәсілі. Бесінші бағыт – облыста әрбір ауданның әлеуеті мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлары бекітілді. Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту қолға алынса, Түлкібас, Төле би, Қазығұрт аудандарында бау өсіру және оны қайта өңдеу кластері құрылуда. Таулы аймақтарда сүт өнімдері өндірістерін іске қосып, жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Мақтаарал ауданында мақта шаруашылығы қайта қолға алынып, мақталық алқаптар ұлғайтылып, өнімділігін арттыру бойынша арнайы бағдарлама түзілуде. Еліміздегі жылыжайлардың тең жартысына жуығы Сарыағаш ауданында екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан, Сарығаштың көкөнiс өндiретін нағыз «фабрикаға» айнала алатын мүмкіндігі мол. Шардара, Отырар аудандары және Арыс, Түркістан қалаларында сұранысқа ие жүгері егу және оны өндеу жұмыстары қолға алынуда. Ал Созақ, Бәйдібек аудандарында мал шаруашылығы дамыса, Түркістан индустриялық аймағында шұбат зауыты салынбақ. Таяуда Түркістан қаласының әкімі зауытты салуға ниетті шетелдік инвестормен келісімшарт жасалып, жұмыстар басталғанын хабарлады. Мұнан бөлек, Түркістан, Арыс, Отырар, Созақта түйе сүтін жинау пункттері ашылатын болады. Бұл біз білетін облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы саласындағы оң бастамалары ғана. Мұнан өзге сан салада болып жатқан оң өзгерістер көп. Биылдың өзінде 24 шетелмен барыс-келіс орнатылып, облысқа оңтүстік тарихында болмаған инвестиция тартылғанын айтуға тиіспіз. Жеті жүзден астам шетелдің ірі кәсіпкері құны 2 миллиард долларды құрайтын жобаларды жүзеге асыруға ынта білдіргенінің өзі үлкен жетістік, тындырымды тірлік. Бұл істе облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары кәсіпкерлерді ертіп, құрлықтың сан тарабына арнайы барып, дамыған елдермен тәжірибе алмасып, олармен келіссөздер жүргізе алатын дәрежеге жетті. Бүгінде сол алыс-беріс, барыс-келіс өз нәтижесін беріп, облыста 24 жоба тыңнан жүзеге асырылуда. Өңіріміздің ірі кәсіпкерлері әлемге танымал алпауыт бренд иелерімен бірігіп кәсіптік қарым-қатынас жасау­да. Дағдарыс деп дүрлігіп, дамыған елдердің өздері де не істерлерін білмей далақтап қалғанда бұл үлкен табыс болып саналады. Күні кеше ғана Оңтүстікте «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына – 25 игі іс» айлық шарасы қолға алынды. «Дені саудың жаны сау», «Әлеуметтік қолдау», «Отбасын қолдау», «Бірлігі жарасқан Тәуелсіз Қазақстан!» және «Игі іс жасауға асық» атты бес түрлі айлық шаралар желтоқсан айына дейін жалғасады. Облыста қолға алынған жұмыс­тар­дың барлығы да халықтың жағ­дайын жақсарту үшін жасалуда. Эконо­микамыздың локомотиві саналатын аграрлық өндірісті өркендетсек, Мем­лекет басшысы айтқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында «Ауылдағы жұмыс орны» жаңа жобасы толық жүзеге асады. Жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, азаматтарымыз тұрақты табыстарға қол жеткізсе, елдің әлеуеті артады. Қанатбек ДОСАЛИЕВ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы