«Егемен Қазақстан» Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында, қоғамдық мән-маңызы зор бірқатар ақпараттық-имидждік жобалардың таныстырылымын жасауды жоспарлап отыр. Цифрлы Қазақстан бағдарламасының жобасы аясында іске асырылатын шаралардың алғашқысы – «Егемен Қазақстан» газетінің архивтегі барлық нөмірін түгендеу және түгелдей цифрлы нұсқаға көшіру. Бұл жұмыстар бас басылымның 100 жылдық мерейтойына орай қолға қолға алынған болатын. Жоба аясында газеттің 1919 жылы 17 желтоқсанда алғаш «Ұшқын» деген атаумен шыққан кезінен бастап, «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстаннан» «Егемен Қазақстанға» дейінгі цифрлы мұрағаты жинақталады.
«Егемен Қазақстан» газеті таныстыратын екінші жоба «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» деп аталады. Уики-Білім қорымен бірлесіп атқарылатын бұл жоба еліміздің ғаламтордағы ақпараттық-имидждік бет-бейнесінің танылымын арттыруға бағытталған. Мұнда «Егеменнің» аса бай фотомұрағатында сақталған, ел тарихынан, тәуелсіздіктің сындарлы сәттері мен жарқын жетістіктерінен хабар беретін, сондай-ақ Елбасы мен өзге де көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның қалалары мен көрікті мекендері туралы сирек фотосуреттер ғаламтор пайдаланушыларына ұсынылатын болады. Бұл жобаның бір артықшылығы - цифрлы қалыпқа көшірілген суреттер Wikimedia Commons репазиторий жүйесіне жүктеледі.
Сондай-ақ осы күні egemen.kz жаңа порталының жобасы таныстырылады. Аталған портал заман талабына сай соңғы мультимедиалық мүмкіндіктерді ескере отырып әзірленген.
Іс-шара наурыздың 13-і күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сағат 11.00-де басталады. Келем деушілерге есік ашық.