
Төлеген Айбергенов бейнесі де өзінің поэзиясы сияқты сартап сағынышқа айналып, ғасыр қойнауына сіңіп барады. Күні кеше ортаңда болғандай, "Сұңқар төсі томпиып қарсы қарап" тұрғандай сезілетін, қазақ поэзиясындағы сағыныш өлшемін жеке-дара жүгіндіріп қойған ақынды бар-жоғы 30 жыл дер басыпты дегенге өзіңді де, өзгені де сендіріп көр...
Биыл ақынның туғанына – 80 жыл. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағында «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен, Қазақстанның әр түкпірінен келген өкілдер мен қонақтардың қатысуымен өткен кештің шымылдығы «Айбергенов әлемі» атты деректі фильмнің тұсаукесерімен ашылды. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділғазы Қайырбеков модераторлық еткен конференцияда ең таңдаулы деген жеті баяндама жасалды. Бұлай дейтініміз, конференцияға атсалысқан көршілес елдер мен Қазақстанның әр облысынан 70-ке жуық баяндама келіп түсіпті. Бұл – қазақ деген халықтың ақын мұрасына деген қызығушылығының, құрметінің көрінісі болса керек.
Конференцияның алғы сөзін ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай айтты. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мекемтас Мырзахметов, «Қазақ елі» журналының Қырғызстандағы тілшісі, филология ғылымдарының докторы Оғыз Доған, ақын Светқали Нұржан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, театр және кино бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Салтанат Айбергенова, ақын Мақсат Әлсейітов, ТарМПИ «Бауыржантану» ҒЗО ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев ақын шығармашылығының әр қырына тоқталып, баяндама жасады.
Халықаралық жиынның қорытындысында ел Үкіметіне Шымкент қаласындағы Т.Айбергенов көшесіне ескерткіш орнату; Білім және ғылым министрлігіне ОҚМПИ жанынан «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу; Қазақстан Жазушылар одағына Төлеген Айбергеновтің толық шығармалар жинағын басып шығаруды ұйымдастыру; Алматы қаласы әкімдігіне Бұхар жырау көшесіндегі №81 мектепке Т.Айбергенов атын беру; Алматы қаласындағы Марков көшесін Т.Айбергенов атына ауыстыру жайында ұсыныс жолдау туралы қарар қабылданды.
Аталмыш конференция Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығы қарсаңында атқарылар шаралардың басы ғана екенін айта кеткен жөн.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ