Әдебиет • 15 Мамыр, 2017

Шартарап шарайнасы

178 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақсы кітап – жан азығы. Әсіресе, оқырман үшін жа­ңа­лы­ғы мол, мазмұнды дүниенің орны бөлек. Кітаптың құн­д­ы­лығы оның көпшілікке қаншалықты қажеттілігімен өл­шен­­бек. Біздіңше, танымдық сипаты мол сондай бағалы ба­­сылымның бірі – «Үлкен саясат сыртында» («За кулиса­ми боль­шой политики») атты жаңа жинақ. Бұл – белгілі жур­на­листер Ерлан Бекхожин мен Владимир Курятовтың бір­лес­­кен туындысы.

Шартарап шарайнасы

Кітаптың алғашқы бетін аш­­қан адам оны соңына дейін ықы­ласпен оқып шық­пауы мүм­кін емес. Мұнда Қазақ­стан Пре­­зидентінің шет елдерге са­пар­­ларына кеңінен шо­лу жа­са­лып, елімізбен ынты­мақ­­тас­тығы нығайып келе жатқан же­­текші мем­лекеттердің ғы­лы­мы мен мәдениеті, тарихы мен әдет-ғұр­­пы, халқының өмір салты, тіп­ті қа­жетіне қарай жекелеген сәу­­лет нысандарына дейін қам­­тыл­ған. Негізінен, сыртқы сая­сатты саралаған кітаптан Көш­бас­шының бү­тін болмысын да, түр­лі елдердің бү­гінгі тірші­лігінің тұ­тас пано­ра­ма­сын да аңдауға бо­лады.
Дүниежүзілік саясатқа әсер етіп отырған халықаралық бе­дел­ді ұйым жетекшілерімен Қазақстан Президентінің келіс­сөз­дері елі­мізге зор пайдасын ти­гі­зіп жат­­қаны жи­нақ­та жүйелі кө­рі­ніс тапқан. БҰҰ, Еуро­палық К­е­­ңес, Еуропалық комис­сия, Дү­ние­­жүзілік сауда ұйымы, Ислам Ын­­тымақтастығы Ұйымы, Еу­ро­па Қайта құру және даму бан­­кі, МАГАТЭ, ЮНЕСКО тә­різ­ді ұйым басшыларының Нұр­сұлтан Назарбаевпен кезде­су­­ле­рінің маңызы мен мәні ашып көрсетілген.
Ел экономикасының негізгі ті­регі бизнес секторы екенін бір сәт те естен шығармайтын Ел­­ба­сы өзі барған жердің биз­нес-капитандарымен үнемі жүз­де­­сіп жүреді. Біздің елде тасын өр­­ге домалатқысы келетін іс­кер жан­дарға Қазақстандағы ше­т ­ел инвесторларына жасалған қолай­лы жағдаймен Мемлекет бас­­шысының өзі таныстырып жүр­­гені кітапта бүкпесіз ба­яндалған. Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Қатар, Австрия, Польша, Иран елдеріндегі кезде­су­лер Қазақстан экономикасына қо­мақ­ты инвестиция құюға сеп­ті­гін тигізгені дәйекті түрде дә­ле­л­денген.
Сонымен бірге, сапарлар ая­­сында Елбасының қай­сы­бір елдерді Астанадағы ЭКСПО-2017 көр­месіне тар­ту­­ға тікелей ықпал ет­ке­ні және сол жө­ніндегі нақты ке­лі­сім­дер­ге қол қойылғаны ай­ты­лады. Автор­лар топтамада мұн­дай мемлекеттерге айрықша тоқ­талған.
Бұдан бөлек, осы кітаптан Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем­дік деңгейдегі баста­ма­ла­рының н­ә­ти­­жесінде ұй­ым­дас­тырылған ар­наулы форум­дар мен шаралар туралы толыққанды мағлұмат алу­ға болады. Антиядролық қоз­ға­лыстың белсенді әрі беделді жақ­таушысына айналған біздің Пре­­зи­денттің ұстанымдары жа­һан­дық қо­ғамдастықты мой­ын­дат­қаны ел­і­міз бен Елба­сы­мыз үшін мақ­та­ныш сезімін оятады.
Кітапқа көз жүгірту бары­сын­да әлемнің әр құрлы­ғына жа­саған сапарында Елба­сы­ның тек мемлекеттер басшы­лы­ғы­мен ғана жүздесумен шек­тел­мей, шет елде білім алып жат­қан Қазақстан жастарымен де тілдесуге уақыт табатынын аң­ға­ра­сыз. Жастармен осындай жы­лы жүздесулер Франция, Польша, АҚШ, Австрия және т.б. елдерге сапарлар аясында сәт­ті көрініс тапқан.
Авторлар қаншалықты қау­ырт-қар­балас кездерде де Ел­ба­­с­ы­ның соншалықты жай­да­ры, сер­гек көрінетінін, өзінің тар­тым­ды тұл­ғалық болмысы­нан еш жазбай­ты­нына тәнті екен­де­рін жасырмайды. Мәсе­лен, бұ­ған дәлел ретінде мына бір эпи­зодты айта кетуге болар еді: Президенттің Парижге ке­зек­­ті сапарларының бірінде, Ели­сей зәулім сарайында француз оркестрі қазақтың танымал әуен­­дерін орындап тұрады. Сол ме­зетте Елбасымыз «Көзімнің қа­­­ра­сы» әніне қосыла шырқай жө­­не­леді.
Бейнетаспа болмай қалғанын бай­қаған автордың бірі сол әсерлі де тарихи, бағалы бейресми сәтті өзінің қалта телефонына түсі­ріп алады. Соның арқасында көрер­мен­нің бұл фрагментті кейін­нен жарыққа шыққан дерек­ті фильмнен тамашалауына мүм­кін­дік туғанына еріксіз риза боласыз.
«Үлкен саясат сыртында» («За ку­лисами большой поли­ти­ки») атты кітап – осындай сәулелі сәт­­тер­ді, шуақты шақтарды да мо­­лынан қамтыған шұрайлы сце­­на­­рийлер жинағы. Жалпы, біз әңгімелеп отырған жа­ңа кітап – белгілі бір шектеулі ортаға ға­на емес, білмекке, көрмек­­ке құштар көпшілікке, көзі қа­рақ­ты кез келген оқырманға қы­зық­тылығымен ерекше.
Осы орайда, авторлар туралы да бірер ауыз сөз айта кеткен жөн бо­лар. Ерлан Қалижанұлының жас­тайынан журналистикада жұл­дызы жанған дарын иесі еке­ні жұртшылыққа мәлім. Ол  Ел­басы жұмысының қыр-сы­рын жетік білетін, әсіресе, оның сыр­т­қы саясаттағы қызметін терең ұғы­нған санаулы те­­­ле­жур­налистің бірі. Ал Вла­ди­­мир Курятов ресми ақпа­рат бе­ру тұр­ғысынан қамшы сал­ды­р­­май­тын қазіргі қарымды ре­пор­тер­д­ің бірі.
Түйіндей келгенде, қос автор­дың қаламынан шыққан бұл туын­ды – халықаралық қатынас­тар ма­мандығына машық­танып жатқан жас­тарымызға әлемдік дең­гейдегі іс-шаралардың ма­ңыз­дылығы мен ел­дер ара­сын­дағы келісімдерге қол жет­кі­зу­дің қыр-сырын ұғыну үшін бас­шы­лық­қа алуға тұрарлық пай­да­лы дү­ние деп білеміз.
Айтпақшы, кітаптың тағы бір бас­ты ерекшелігі – оны автор­лар­­дың өздері ұзын­құлақ­тан ес­тіп, дай­ын деректерді пай­­даланбай, ті­келей Прези­дент­тің жанында жүріп жаз­­ғаны, оқыр­ман­ға ұсынылған ақ­парат­тар­дың не­гізінен тікелей оқиға орнынан алы­нып, боямасыз берілгені деп білеміз.

Досұлан АЙТБАЕВ