13 Ақпан, 2017

Назарбаев жаңа сайланған ГФР Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев Франк-Вальтер Штайнмайерге Германия Федеративтік Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Германия Федеративтік Республикасының сайланған Президентін құттықтап, оған зор денсаулық пен табыс, ал достас Германия халқына бейбітшілік тілеп, елдің одан әрі өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді.

«Сіздің мол саяси тәжірибеңіз бен дипломатиялық қабілет-қарымыңыз отан игілігіне қызмет ете беретініне сенімдімін. Биыл 25 жылдығы атап өтіліп жатқан Қазақстан мен Германия арасындағы достық пен сенімге негізделген өзара қарым-қатынасты нығайтудағы Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Астана мен Берлинде өткен мазмұнды кездесулерімізді мен әрдайым жылы сезіммен еске аламын. Қазақстан биыл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Германияның қатысуын құптайды. Осыған орай, Сізді Қазақстанға ресми сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметті қонағы болуға шақырамын», – делінген жеделхатта.