
Қазақстан кең-байтақ дегенімізбен, ірі қалалар орналасқан аймақтарда мынау жалпақ дүниенің тарлығы байқалады. Жазықтау жерде орналасты деген Шымкентіңізде де сондай.
Жарықтық, жер ақша болып, сауын сиырға айналып тұрғанда, тротуардың өзін де сатып жіберген «нәшендіктер» кейін осы қала өскенде жағдайы не болады деп ойламаған сыңайлы.
Бүгінде қала халқының саны 1 млн-нан асып кетті. Оңтүстіктің әуе айналып жерге түсетін аптабында ыстық табаға қуырылған жұрт қу жанын қояр жер таппай сенделіп қалады. Рас, саябақтар бар. Бірақ, ұзақ мерзімге жалға алған бүгінгі заманның байлары кафе, мейрамханадан бастап, түрлі сауық нысандарын салып, өкпесін өшіріп тастады. Бұрынырақта әкімдік тарапынан қызыл сызық мәселесі көтерілгенде, осы ағайындар «кәсіпкерлікке шабуыл жасалып жатыр» деп шулағаннан кейін шенділер «аш пәледен қаш пәле» болып зорға құтылған.
Халықтың жазығы қайсы, олар қайда барып демалуы керек?! Бұл уақыт күттірмейтін өзекті мәселе еді. Мұқым дүниеге белгілі Түркияның қалай көркейгенін өзі көріп келген Жансейіт Қансейітұлы бұл шетін мәселенің оябын тапты. Қала аумағындағы иесіз жатқан бар шатқал, қолат, сай-саланың тізімін алып, оларды саябаққа айналдырудың жолына кірісіп кетті. Айтқандай, бұл жерлерге шағын бір қаланы орналастыруға да болғандай екен.
Жақында облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев және Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсен Жанбосынов өткізген брифингте біраз жайттарға қанықтық.
Қала аумағындағы 16,8 мың гектар шатқал жер көлемі болашақта жасыл аймаққа айналса, бірінші кезекте 97 гектарда орналасқан 5 шатқалды саябаққа айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстары басталды. Іс-шараның басты мақсаты – қала аумағындағы қараусыз қалған шатқалдарды көгалдандырып, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін демалыс орындарына айналдыру болмақ.
Алғашқы бастама ретінде 2017 жылдың 14 қаңтарында Тассай тұрғын үй алабында орналасқан 25 гектар шатқалды көгалдандыруға сенбілік ұйымдастырылып, онда қарағай, арша, аққайың, емен, шаған, талшын және терек көшеттерінің 1718 данасы егілді.
Облыс әкімі қатысқан аталған шатқалға «Шымсая» атауы беріліп, белгі тас орнатылды және болашақ ұрпаққа жазылған хаттың капсуласы салынды. Болашақта бұл саябақта қала тұрғындары мен қонақтарының таза ауада тынығып, демалуы үшін 6 мың түп ағаш көшеттері егілетін болады. Сонымен қатар, балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, вело жолдар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі және спорттық жаттығу алаңдары салынып, халық игілігіне беріледі. Саябаққа егілген ағаштарды қорғау, күтіп-баптау және әрі қарай ағаш егу жұмыстарын жүргізу қала маңындағы 5064 гектар жерде құрылған жасыл белдеуді қорғау және өсіру жұмыстарымен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ айналысатын болады. Аталмыш мекеме тұқымбағында 40-тан аса ағаш-бұта көшеттері түрлерінің 3555,6 мың данасы өсірілуде. Қаланы көгалдандыру үшін 2016 жылдың күзінде 39300 дана көшетпен қамтамасыз етілген болса, шатқалдарды көгалдандыруға биіктігі 2,5-3,0 метрден асатын әртүрлі ағаш көшеттерінің 183,5 мың данасын тұқымбақтан беруге мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта жоспарға енген негізгі 5 шатқалдың көгалдандыруы нәтижесінде Шымкент қаласының ауасы біршама жақсарады. Сонымен қатар, демалыс аймақтарының саны артып, тұрғындар үшін өте ыңғайлы кешен болмақ.
Қазір шатқалдарды игерудің алғашқы кезектері басталып кетті. Сенбілікке облыс басшысының өзі қатысып, көшет егіп жүргендіктен, қала халқы бұл бастаманың өміршең болатындығына сеніп отыр. Көшеттердің дені Оңтүстіктегі тұқымбақтардан алынатындығын айттық. Яғни, мемлекет қаржысы ысырап болмайды. Облыс әкімі ел үшін керек дүниеге демеушілер табылатына сенім білдірген.
«Оңтүстік – ұлыстың ұйтқысы» деп бекер атамайды ғой. Халыққа керек істе елін шынайы сүйетін, қолынан келген көмегін аямайтын ақберен жігіттер болады. Сондай жігіттердің сойы – облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Балабиев «Егеменнің» тілшілер қосынына қоңырау шалды. Кездестік.
– Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев елімізде әзірге қолға алынбаған тың жобаны іске асырып жатыр, – деді ол. – Жұрт қатты қуануда. Біз де кәсібімізден нәсіп тауып, аз-кем дүние құрасақ, әуелі Алла, сосын ел мен Елбасының арқасы. Халықтың денсаулығы үшін қолға алынып жатқан шараға сырттан қарауыл болып қарауға азаматтығымыз жібермейді. Облыс әкімінің бастамасын қолдап, бір шатқалды саябаққа айналдыруды тәуекел деп мойныма алғалы тұрмын.
Заманның тар уақытында Асанбай Асқаров қаладағы ең ірі дендробақты іске қосты. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Шымкент көз алдымызда ертегі қалаға айналып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шымкент Қазақстанның үшінші қаласы болады» деп баға берді. Елбасы елді өркендетуге кәсіпкерлерді үнемі шақырып келеді. Ал, мен Шымкентіміз гүлдене беру үшін осындай шешім қабылдадым.
Жасаған ісімізді ешкім ешқайда көтеріп кетпейді, ел игілігіне қалады. Жалпы, Жансейіт Қансейітұлының облыс әкімі болып тағайындалғаннан бері жасап жатқан жұмыстары көз алдымызда. «Оңтүстік ауыл шаруашылығы, көкөніс өнімдерінің орталығына айналады» деген сөзі бәрімізге ұнады. Бұл сөзді жай айтып қоймай, әр аудан, қаланың даму тұжырымдамасын жасатып жатыр.
Ел үшін осындай пайдалы жұмыстар жасап жатқан облыс басшысына жобаларының іске асуы үшін бәріміз көмектесуіміз керек. Бір шатқалды саябаққа айналдыруды мойныма алатындығымды айттым. Енді облыс кәсіпкерлерін осы істі аяғына жеткізу үшін сауапты іске шақырамын.
Ақеділ жігіт осылай дейді. Қатты қуандық. Ел саулығын ойлаған, сол үшін қолға алынған жобаларды іске асыру үшін мемлекеттің қолына қарай беруге болмайды.
Оңтүстіктің айтулы азаматы енді ел үшін қажет тағы бір үлкен шаруаны кәтепті қара нардай мойнына алды. Шатқалдарды саябақтарға айналдыру – облыс әкімінің тікелей міндеті емес, ұлт саулығы үшін жасалып жатқан сауапты жұмыс. Қайрат Рақымұлы да барлық кәсіпкерлер секілді несие алып жұмыс жасауда. Бірақ, демеушілердің көмегімен бітетін іске ел деген жігіттердің көмегі керек. Өзінің бастамашы болып, әріптестерін шақыруының мәнісі де осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы