Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Халықаралық қоғамдастық Қазақстан бастамаларын қолдайды

28 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылғы 29 тамызда Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйы­мының бөлімшесінде Халықаралық ядролық сынақтарға қар­сы күн және Семей ядролық полигоны жабылуының 26 жыл­дығына арналған семинар өтті, деп хабарлады СІМ-нің бас­пасөз қызметі.

Халықаралық қоғамдастық Қазақстан бастамаларын қолдайды

Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінің бастамасымен және Қарусыздану жөніндегі Женева платформасының қолдауымен ұйымдастырылған шараға халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпустың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары мен академиялық топ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі, елші Жанар Айт­­жа­нова өз сөзінде қа­ты­сушыларға Қазақстан және Пре­­зидент Нұрсұлтан Назарбаев­тың таратпау және ядро­­лық қару­сыздану үдерісіне қос­қан үлесі туралы баяндап бер­ді. Оның айқын дәлелі ретінде әлем­дегі көлемі бойынша төр­тінші ядролық арсеналдан бас тарту мен Семей ядролық по­лигонын жабуды айтуға болады.

Қазақстандық дипломат еліміздің ядролық таратпау мәселесінің келешегін айта келе, 2017 жылғы 25-29 тамыз­да Астанада Ғылым және ғалам­дық мәселелер жөніндегі Па­гуош конференциясы 62-ші сессия­сының өткенін атап өтті. Қо­ры­тынды құжат ретінде Астана дек­ларациясы қабылданғаны жеткізілді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қа­ру­сыздану конференциясы жа­нын­дағы Австрияның Тұрақты өкілі Томас Хайноци өз сөзін­де ядролық қарусыздану үдерісі­мен таныстырып өтіп, бірша­ма жағымды жетістіктерге қол жет­кен тұстарды келтірді. Авс­триялық дипломат Қазақ­стан­ның осы саладағы тарихи орны мен маңызды бастамаларын атап өтті.

Шараға қатысқан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының өкілі Ронан Ле Брас бұл үдерістің қа­зіргі ахуалы туралы баяндама жасап, Шарттың күшіне енуі бойынша қалыптасып отырған жағдайға қатысты өз бағасын берді.

Женевадағы шараға арнайы шақырылған қонақ ре­тінде қатысқан танымал қазақ­стандық суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Қаріпбек Күйіков еліміздің ядролық қарусыздану ісіне қосқан үлесі жайлы және өз өмірінің тарихы мен ядролық қарусыз әлем үшін күрес жайында баяндады.