Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2017

Маңғыстау өндірісі жаңа зауытпен толықты

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсібін өркендету жолында су жолын сауда-саттық пен қарым-қатынасқа қолайлы санағандар үшін Маңғыстау барынша ыңғайлы мекен болып тұр. Осы орайда өңірге инвестиция тартып, ел игілігін еселеу жолында Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын құру туралы тапсырма берген болатын.  

Маңғыстау өндірісі жаңа зауытпен толықты

Өңірдің өндірістік секторын және экономикасын дамытуды мақсат еткен аталмыш аймақ алып өндіріс алаңына айналып келеді. Бүгінде мұнда 16 жоба іске асып, 1144 жұмыс орны ашылған. Арнайы экономикалық аймақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға көптеген преференциялар көзделгендіктен кәсіпті өркендетуге ең тартымды орын екендігін дәлелдеуде. 

Қазақстан Республикасының Конститу­циясы күніне орай аймақта тағы бір жа­ңа­лықтың тұсауы кесілді. Бұл жолғы іске қосыл­ған нысан – мемлекеттік үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылған темір-бетон өнімдерін шыға­ратын зауыт.    
Жоба қазіргі таңда Құрық портына қажетті өнімді дайындаумен айналысатын және порттың бас мердігері болып табылатын «QSM Precast Concrete Aktau» компаниясы мен «Найза құрылыс» ЖШС-мен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырылып отыр. 

– «Қазақсельмаш Корпо­рациясы» компаниясын зауыттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бү­гінгі таңда басты мәселе жа­ңа жұмыс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамту. Зауыт аумағында 200 жұмыс орнын ашу көзделген. Жо­баның қуаттылығы тәулігіне 150 дана тетрапод шығару. Өнімді дайындауға негізгі ши­кізат ретінде аймақтағы өте көп құм, цемент, қиыршақ тас және арматура пайдаланылады. Жобаға 768 млн теңге инвестиция тартылады. Өлкемізде осындай кәсіпорындар ашылып жатқаны қуантады. Зауыттың ұжымына табыс тілеймін, – деді зауыттың ашылу салтанатында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

QSM корпорациясы басқар­масы төр­ағасының орынбасары Ғ.Оспанқұловтың айтуынша, компания өндірісте бетон­ның бағасын арзандата­тын жаңа технология қолданады. Бұл бәсекелестік алаңындағы компа­нияның өзіндік ерекшелігінің бірі болып табылады. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы