
Сауль Альварестің (49-1-1, 34 КО) промоутері Оскар Де Ла Хойя Геннадий Головкинге (37-0, 33 КО) қарсы жекпе-жек шартының кейбір бөліміне қатысты пікірін білдірді. «Бірден айтайын, жекпе-жек орта салмақта, яғни 160 фунтта өтеді. Екі боксшы да 10 мөлшерлі қолғаппен жұдырықтасады. Регидратация жөнінде тармақ жоқ. Бұл 160 фунттағы қарапайым жекпе-жек. Бары осы ғана».
Твиттерде бокс туралы жазатын атақты Boxing Kingdom парақшасы оқырмандар арасында Головкин-Альварес жекпе-жегіне орай сауалнама ұйымдастырды. Сауалнамаға қатысқан 1835 оқырманның 60 пайызы Головкин жеңеді десе, 40 пайызы Альварестің жеңісіне сенеді.
Boxingnews24.com журналисі Дэн Эмброуз Геннадий Головкиннің дене жағынан мексикалық Сауль «Канело» Альварестен үлкендігі оған басымдық беретінін атап өтті. «Канелоның» Головкиннен кіші екенін жексенбі күнгі кеште көрдік. Сауль Геннадийге бой мен салмақ жағынан ұтылады. Меніңше, Головкин әлі жаттығуын бастамаған. Сонда да, ол дәл қазір Альварестен ірі. Бәлкім, Оскар Де Ла Хойя екі жыл бұрын Сауль орта салмақтың боксшысы емес деп дұрыс айтқан шығар. Егер, «Канело» 160 фунттың үздіктерімен жұдырықтасатын болса, сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Нәтижесінде, Golden Boy өздеріне қолайлы бірінші орта салмаққа қайта түседі», дейді автор.
Golden Boy Promotions өкілі Оскар Де Ла Хойя әлемнің 12 дүркін чемпионы кіші Флойд Мейвезерге карьерасын қайта жалғастыруды және Головкин-Альварес жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесуді ұсынды. «МакГрегорды ұмыт. Ол жігітте бокстан ешқандай тәжірибе жоқ. Флойд, тыңда, егер жекпе-жек өткізгің келсе, «Канелоға» қарымта кездесуге мүмкіндік бер немесе Головкинмен жекпе-жек өткіз», дейді ол.
LA Times журналисі Лэнс Пигмаердің айтуынша, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жектің келісімшартында қарымта жекпе-жегі қарастырылған. Шарты мынадай: егер бұл кездесуде Головкин жеңіске жетсе, «Канеломен» қарымта жекпе-жек өткізеді. Ал Альварес жеңетін болса, онда ол өзіне кез келген боксшыны қарсылас етіп таңдай алады және қарымта жекпе-жек өткізуге міндетті емес.
16 қыркүйектегі жекпе-жекте WBA, WBC, IBF, IBO және The Ring журналының титулы сарапқа салынады. Ол күні Геннадий Головкин WBA суперчемпиондық белбеуін 18-ші, WBC белбеуін 3-ші, IBF белбеуін 4-ші, IBO белбеуін 16-шы рет қорғаса, Альварес The Ring журналының титулын 2-ші рет қорғайды.
Әлем жанкүйерлері асыға күтіп жүрген жекпе-жек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасында өтетін болды. Бұл Головкиннің Лас-Вегастағы тұңғыш, ал АҚШ-тағы 11-ші жекпе-жегі болмақ. Аренаның сыйымдылығы – 20 000 адам. Ал жуырда ғана Головкин-Альварес кездесуінің алдын ала билеттер бағасының құны жарияланды. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, кездесудің ең қымбат билет бағасы – 1500 доллар болса, ең арзан билет 100-200 доллар арасында болуы мүмкін.
16 қыркүйек – Мексика мемлекетінің тәуелсіздік күні. 1810 жылдың дәл осы күні Испаниядан тәуелсіздігін алу үшін соғыс бастаған болатын. «Канело» соңғы уақытта негізгі жекпе-жектерін Мексиканың екі ұлы мерекесі қарсаңында өткізіп жүр. Біріншісі, тәуелсіздік күні болса, екіншісі мамыр айындағы «Синко де Майо» (Бесінші мамыр) мерекесі.
Британдық boxrec сайтының рейтингі бойынша, екі салмақ дәрежесіндегі бірінші орын иегерлерінің айқасы болмақ. Головкин 160 фунт (72,500 кило), Альварес 154 фут (69,900 кило) салмағының үздігі. Жекпе-жек орта салмақта, яғни 160 фунтта өтеді. Жеңіске жеткен боксшы орта салмақтың королі атанады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»