
Сапар барысында А.Мамин Құрық портындағы паром кешенінде болып, екінші іске қосу кешенінің құрылысы бойынша кеңес өткізді. Оған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.
Жиын барысында порттың 114 нысанында жұмыстар жүргізіліп жатқандығы айтылды. Паромның автокөліктерге арналған нысаны салынып, теңіз жағалауы табанын тереңдету жұмыстары аяқталуда. Батыс және Шығыс қоршауларының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жоба басшылары порттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, пирстерді іске қосу, автокөліктерді көтеріп, өткізетін көпірдің монтаждау жұмыстарының аяқталғандығын хабарлады. Үлкен көлемді жүк үшін қосымша айлақ салу құрық портының қуатын 7 миллион тоннаға дейін арттырады. Қазіргі уақытқа дейін 166-дан астам кеме портқа келіп тоқтады, 756 мың тоннадан астам жүк түсіріліп-тиелген. Биыл 1 млн 300 мың тонна, ал келесі жылы 15 мың автокөлік және 3 млн тоннаға дейін тиеп-түсіру жоспарланып отыр.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Маңғыстау облысында стратегиялық маңызы бар «Нұрлы жол» бағдарламасының бірқатар жобаларының жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Оның ішінде, Құрық портындағы паром кешенінің құрылысын, Бейнеу – Ақжігіт және Шетпе – Ақтау автожолдарының құрылысын ерекше атап өтті. А.Мамин еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, транзиттік және экспорттық әлеуетті ұлғайтуда Құрық паром кешені құрылысының маңыздылығына назар аударды.
Құрық паром кешеніндегі темір жолдың құрамдас бөлігі 2016 жылы желтоқсанда аяқталды. Алдымызда тұрған міндет – биылғы жылдың соңына дейін автокөліктің құрамдас бөлігін пайдалануға беру, деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Ол екі жобаны толық қуатында іске қосу Транскаспий дәлізі арқылы тауарларды жыл бойы қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік беретінін, жобалардың еліміздің экономикасы үшін маңызды екендігін баса айтты.
Елбасы Маңғыстау өңірін дамытуға ерекше назар аударып отыр, деді А.Мамин. Президенттің тапсырмасы бойынша облыста жаңа өнеркәсіптік өндіріс ашылып, көлік және туризм салаларында жобалар жүзеге асырылуда, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары құрылуда. Мұның барлығы өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары облысқа жұмыс сапары кезінде Бейнеу – Ақжігіт – Тәжен автокөлік жолына қайта жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Жолды жөндеу жұмыстары биылғы жылдың шілде айында басталған. Екінші категориялы магистраль 85 шақырымды құрайды. Ол жол Бейнеуден басталып, Өзбекстанмен арадағы шекарадан өтеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандарды тексергеннен кейін А.Мамин көшпелі жиын өткізді. Онда мердігер ұйымдар басшыларының есебі тыңдалды.
Олардың айтуынша, қазіргі уақытта авто жолды қайта жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жол бойында алты демалыс алаңы мен сегіз автобус аялдамасын салу қарастырылған. Учаскелерде 300-ден астам адам мен 150-ден астам техника жұмыс жасауда. Жолды қайта қалпына келтіру жұмыстарында қазақстандық өндірушілердің материалдары пайдаланылады.
А.Мамин Бейнеу – Ақжігіт – Тәжен автокөлік жолының Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық нысан ретіндегі маңыздылығын айтты.
Бұл өңір үшін өте маңызды жоба. Ол Орталық Азия елдерінен Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы Кавказ, Түркия және Еуропа елдеріне транзиттік автокөлік ағынын қалыптастыруға ықпал етеді, деді А.Мамин. Осы орайда ол автожолды сапалы салып, межелеген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, А.Мамин ИИДМБ аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Ол шыны-пластик құбырлар, темір-бетон бұйымдарын, Құрық портының қорғаныс бөгетіне тетропод өндіретін зауыттарда және күштік трансформаторларды жөндеу кәсіпорындарында болды.