
Өңіраралық ынтымақтастық форумына Қазақстан мен Қытай басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин бастамашылық жасаған болатын.
Форумға Қазақстан тарапынан өңірлер басшылары: Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, облыстар әкімдерінің орынбасарлары, министрліктер мен ұлттық компаниялардың, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысуда. Қытай тарапынан провинциялар басшылары, мемлекеттік органдар мен ірі компаниялардың жетекшілері қатысып жатыр.
– Біздің мемлекеттеріміз басшыларының бастамашылығымен ұйымдастырылған форум елдеріміз арасындағы достықты, тату көршілестік пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға соны серпін беретін болады, – деді А.Мамин және форумның екіжақты үнқатысудың тартымды алаңы және Қазақстан мен Қытайдың өңіраралық ынтымақтастығының көкейкесті мәселелері бойынша тиімді консультациялар алмасуға мүмкіндік беретін бастама ретінде тиімділік әкелетінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Нұрлы жол» бағдарламасымен астарласқан «Бір белдеу – бір жол» жобасының аясында форум өткізудің маңыздылығына да баса назар аударды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде инвестициялар тартуға және екі елдің инфрақұрылымдық жобалар бойынша іс-қимылдарын үйлестіруге мүмкіндік берді, – деп атап өте келіп, А.Мамин екі ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жобалардың табысты жүзеге асырылып келе жатқанын көлденең тартты.
А.Мамин форумның екі елдің экономикалық өсімінің, сау-да, инвестициялық, көліктік-транзиттік ынтымақтастықты дамытудың іргетасы ретіндегі маңызына тоқталып, 2015 жылдың желтоқсан айында қол қойылған Шекаралық ынтымақтастық бағдарламасын Қазақстан мен Қытайдың шекаралық өңірлерінің арасындағы ынтымақтастығының айтарлықтай маңызы бар құжатының бірі ретінде атады.
– Қазақстанның барлық 16 өңірі іскерлік байланыстарға ие және Қытайдың түрлі провинцияларындағы компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үстінде, – деп атап өтті А.Мамин.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Қытай-АСЕАН» ЭКСПО-сының 14-ші жұмысына қатысып, Қазақстанның ұлттық павильонын ашты. Қазақстан павильоны отандық өндірісшілердің түрлі өнім түрлері қойылған 20 стенд арқылы ұсынылып отыр.
– Қазақстанның «Қытай-АСЕАН» ЭКСПО-сының 14-ші жұмысына қатысуы «Нұрлы жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуінің» әрі қарай түйісуіне, Қазақстанның, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына мүше елдердің даму бағдарламаларына қосымша серпін беретін болады, – деп атап өтті А.Мамин.
ҚХР-ға сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Қытайдың China National Chemical Engineering Co.Ltd, China General Technology Holding Ltd, CITIC Group, Xin Xin Corporation, China Railways Engineering Group Co, TBEA Heng Yang Transformer Co сияқты аса ірі компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді.
* * *
Өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде Қазақстанның «Батыс Марка Ламб» ет өңдеу компаниясының төрағасы Рақымжан Есмағамбетов пен Қытайдың Zheng & Agrotechnology Co. Ltd компаниясының төрағасы Ли Сианьмин 30 мың бас қойды семіртіп союға және қой етін ҚХР-ға экспорттауға арналған заманауи бордақылау алаңын құру туралы меморандумға қол қойды. Шетел инвестициясының көлемі 47 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба 2018 жылы жүзеге асырылмақ. Қуаты ауысымына 1,5 мың бас қой союға жететін «Батыс Марка Ламб» ет комбинаты қазірдің өзінде Иранға қой етін экспорттай бастады.
Сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Мақсат Қабашев пен «Silver Tiger Capital» компаниясының басшысы Цуй Лунфэй капиталдандырылуы 250 млн АҚШ доллары болатын бірлескен инвестициялық қор құру туралы келісімге қол қойды.
«Aitey Group» холдингі басқармасының төрағасы Сейітжан Есімов пен Stone Stock компаниясы басқармасының төрағасы Ху Цзинпэй Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды.