Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2017

Ембінің үздік қызметкерлеріне автокөлік табысталды

27 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

8 қыркүйекте «Ембімұнайгаз» АҚ орталық кеңсесінде компанияның үздік қызметкерлерін марапаттау салтанаты өтті. Оның алдында, 7 қыркүйек күні «Қайнармұнайгаз» МГӨБ базасында өндірістік құрылымдық бөлімшелердегі жұмысшыларға арналған қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.

Ембінің үздік қызметкерлеріне автокөлік табысталды

– Бүгінгі «Ембімұнайгаз» – геоло­гиялық барлау, мұнай кен орындарын пайдалану, мұнай мен газ да­йындау және өндіру жұмыстарын жүргізетін болашағы зор заманауи мұнай компаниясы. Кәсіпорынның болашақта ресурстық базаны кеңейту, жаңа бағыттарды дамыту, терең ұңғымаларды бұрғылау және басқа да жобалар бойынша жоспарлары көп. Олардың бәрін біз кәсіби және ынтымағы зор ұжымымызбен бірге сәтті жүзеге асыратынымыз­ға сенемін, – деп атап өтті өз сөзінде «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков. 

Салтанатты жиын барысында кәсіпорынның 40 қызметкері «Мұнай-газ саласын дамытудағы үлесі үшін», «Ембінің 95 жылдығы» медальдарымен, Энергетика министрлігі­нің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың Құрмет грамоталарымен, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Естелік белгілерімен және «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Ал ең басты марапат ұжым мү­шелері үшін орталық кеңсенің авто­тұрағы аумағында дайындалыпты. Ембінің үздік жұмысшыларын бұл жерде су жаңа «Нива-Шевролет» автокөліктері күтіп тұрды. 

– Компанияның үлкен мерекесі­не орай біз әр өндірістік құрылым­дық бөлімшенің үздік еңбекшілері­не 6 авто­көлікті сыйға тартып отырмыз. Осылайша, «Ембімұнайгаз» жанкешті еңбектері мен маман­дық­қа деген адалдығы үшін мұнай­шы­ларға алғы­сын білдіреді! – деді Ә.Жақсыбеков.
Бағалы марапатқа ие болғандардың барлығы жұмысшы мамандығының өкілдері. 

Қаженбай Әбдікәрімов – «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-де техно­логиялық қондырғылар операторы. Саит Асанов – «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-де мұнай және газ өндіру операторы. Қазбек Қошаев – «Қай­нар­мұ­найгаз» МГӨБ-де мұ­най және газ өн­діру операторы. Жұмажан Баесенов – «Доссормұнайгаз» МГӨБ-де ұңғы­ма­ларды жерас­ты жөн­деу операторы. Ғатиет Әбдірахманов – «Ембі­мұнай­энерго» бас­қармасының «Құл­сары» аудан­дық электр торабы­ның электро­­мон­тері. Жұма­жан Сәрсенов – ӨТҚжЖК бас­қарма­сы­ның жүк қар­малаушысы. 

Жұмажан Баесеновтің өндірістегі жалпы еңбек өтілі – 44 жыл. Оның 41 жылдан астам уақытын ол жер асты және күрделі жөндеу қызметіне арна­ған. Сүйікті ісіне беріле жұмыс жаса­ған Жұмажан осыншама уақыт­тың ішінде денсаулығына бай­ланысты демалысқа да шықпағанын байқамапты! Кәсіпорынның кадр қызметі осыны айтқан кезде қатты таңқалды. Мұның бәрі ол жұмысқа деген адал ниетінің және үнемі спортпен айналысқанның жемісі деп біледі. Жұмажан спорттық шаралардан ешқашан тыс қалмайды, волейбол ой­най­ды. Төрт ұлының бірі әкесінің жолын қуып, мұнайшы болған. 

– Еңбек және демалыс жағдайын тудырып қана қоймай, оны жетілдіріп отыратын сүйікті компанияма алғыс айтамын. Мен еңбекке 1973 жылы ара­ла­сыппын, сол кезде қандай қиын жағ­дайларда жұмыс жасағанымыз есім­де. Қазір барлық жерде авто­мат­тан­ды­рыл­ған жүйелер енгізі­ліп жатыр, олар про­цестерді оңтай­лан­дырып, еңбек қауіп­сіздігін күшей­теді. Қызметкерлер жай­лы жатақ­ханаларда демалады. Біз үне­мі шипа­жайларға жолдамалар алып тұра­мыз. Енді, міне, біздің еңбегімізге орай автокөлік табыстап жатыр, – дейді өз қуанышын жасыра алмаған мұнайшы.

Мерейтойға қарамастан компа­ния қол жеткізген табыстармен тоқтал­мақ емес. Жоспарда жаңа мұнай кен орын­­дарын ашу міндеті тұр. Қазіргі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-қа бірнеше жаңа келісімшарттық территорияны, соның ішінде Каспий маңы ойпатында орналасқан болашағы бар Забурын және Жайық алаңдарын беру мәселесі шешілуде. Және де ком­панияның кадр­лық әлеуетіне де тиянақты мән беру жалғасын таппақ – жас қызметкерлердің дамуына үлкен күш жұмсалса, ардагерлерге құрмет көрсетіледі. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»